Абай облысында бақша өнімдерінен улану фактілері тіркелмеген

Ағымдағы жылы өңірде бақша өнімдерінен улану жағдайлары орын алған жоқ. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Айгерим Мусатаева хабарлады.
Оның айтуынша, 2025 жылдың шілде айында бақша өнімдерінің қауіпсіздігін бақылау мақсатында 14 түрлі өнімнен сынама алынып, олардың барлығы теріс нәтиже көрсеткен. Яғни, зертханалық талдау қорытындысы бойынша өнімдер адам денсаулығына зиянсыз.
– Бақша өнімдерін тек сертификатталған сауда орындарынан сатып алу қажет. Кесілген қарбыз бен қауынды алмаған жөн. Піскен қарбыз саңырау дыбыс береді, ал қауынның иісі қанық, түсі ашық болуы керек. Қабық бетінде жарық, шіру немесе өзге де зақым болса, мұндай өнімді тұтынбаған дұрыс, – деді спикер.
Сондай-ақ, қарбыз бен қауынды тұтынар алдында сабынмен жуу және қайнаған сумен шаю ұсынылады. Қауын жүрек-қан тамырлары жүйесіне пайдалы болса, қарбыз иммунитетті нығайтып, ағзаны токсиндерден тазартады.
– Тамақ өнімдерін таңдауда мұқият болу – денсаулықты сақтаудың ең қарапайым жолы. Халық денсаулығы – басты құндылық, – деп атап өтті Айгерим Мусатаева.