Абай облысында тұрғындардың 83,8%-ы медициналық сақтандырумен қамтылған

Өңірде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қатысушылардың үлесі 83,8%-ды құрайды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Абай облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Талғат Молдабеков баяндады.
— Келесі жылы еліміз бойынша қосымша 1 миллионға жуық азамат МӘМС жүйесімен қамтылады. Абай облысы бойынша бұл көрсеткіш 27 мыңдай тұрғынды құрайды. Оның ішінде 20 мыңға жуық адам — D санатындағы, 7 мыңнан астамы — E санатындағы әлеуметтік осал азаматтар. Бұл — өмірлік қиын жағдайға тап болған, тұрақты табысы жоқ тұрғындарды қамтитын бастама, — деді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, бұл бастама денсаулық сақтау жүйесінің қолжетімділігін арттырып, халықтың қорғалу деңгейін күшейтуге бағытталған. 2026 жылдан бастап елімізде денсаулық сақтау саласы әділеттілік пен тең қолжетімділік қағидаттарына негізделген Бірыңғай медициналық көмек пакетіне көшеді.
Өз кезегінде, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Абай облыстық филиалының директоры Ельмира Рахимбаева 2026 жылдан бастап жұмыс берушілер мен жұмыскерлер үшін жарналарды есептеу базасының жаңа лимиттері қолданысқа енгізілетінін атап өтті.
— Жұмыс берушілер үшін жарна есептеу шегі 40 ең төменгі жалақыны (ЕТЖ), ал жұмыскерлер үшін 20 ЕТЖ-ны құрайды. Бұл өзгеріс табысы жоғары халықтың шамамен 9%-ын қамтиды. Нәтижесінде жыл сайын жүйеге қосымша 200 млрд теңгеге жуық қаражат түседі деп күтілуде. Бұл қаржы медициналық көмектің тұрақты қаржыландырылуына және оның қолжетімділігінің артуына ықпал етеді, — деді Ельмира Рахимбаева.
Сонымен қатар, 2027 жылдан бастап мемлекет төлейтін жарна мөлшерлемесі 2,2%-ға дейін, ал 2037 жылға қарай 4,7%-ға дейін кезең-кезеңімен өседі.
Спикердің айтуынша, ағымдағы жылдан бастап МӘМС жүйесіне кемінде бес жыл қатарынан жарна төлеген азаматтар уақытша табысынан айырылған жағдайда да алты ай бойы «сақтандырылған» мәртебесін сақтап қала алады. Бұл — азаматтардың қиын жағдайда қалған кезде де медициналық көмексіз қалмауына мүмкіндік беретін әлеуметтік маңызды қолдау шарасы.