Абай облысыДенсаулық сақтауТОП

Абай облысында 26,8 мыңнан астам тұрғын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қосылады

Абай облысында 26,8 мыңнан астам адам міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қол жеткізеді. Денсаулық сақтау жүйесінде алдағы өзгерістер туралы облыстық филиалдың директоры Елмира Рахымбаева баяндады.

Халықты қамтуды кеңейту

Бүгінде өңір халқының 83,8%-ы сақтандырылған. Алайда облыста шамамен 100 мың адам МӘМС жүйесіне әлі де тартылмаған.

2024 жылғы 7 шілдеде ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін арттыруды тапсырды:

Әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтардың жекелеген санаттары үшін медициналық сақтандыру жүйесіне жарналар жергілікті бюджет есебінен төленуі тиіс, — деді Президент.

Осыған байланысты жаңа шаралар қабылданып, халықты МӘМС жүйесімен қамту аясын кеңейту көзделіп отыр. Енді әлеуметтік әл-ауқатының дағдарыстық және төтенше деңгейлеріне (D және Е санаттарына) жататын азаматтар үшін жарналарды жергілікті атқарушы органдар төлейді.

Осы шаралардың нәтижесінде 2026 жылы еліміз бойынша қосымша 1 миллионға жуық адам МӘМС жүйесімен қамтылмақ, оның ішінде Абай облысы бойынша — 26,8 мыңнан астам адам. Олардың ішінде 19 610 адам — D санатындағы, 7 264 адам — E санатындағы азаматтар.

D және Е санаттарына әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар — қиын өмірлік жағдайға тап болған, әлеуметтік осал топтарға жататын адамдар кіреді. Бұл санаттағы азаматтарды МӘМС арқылы қолдау — денсаулық сақтау жүйесін әділ әрі қолжетімді ету жолындағы маңызды қадам.

Сонымен қатар, ресми тіркелген жұмыссыздар үшін де жарналар жергілікті бюджет есебінен төленеді. Бұл жергілікті атқарушы органдардың халықты жұмыспен қамту мәселелеріндегі жауапкершілігін арттырады. Өңірлерге жаңа жұмыс орындарын ашуға, кедейлікті азайтуға және еңбек нарығын жандандыруға нақты стимул беріледі.

Жарна төлеудегі үзіліс кезінде мәртебені сақтау

Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы әлеуметтік қолдау шаралары күшейтілуде.

2025 жылдан бастап маңызды норма күшіне енеді: МӘМС жүйесіне кемінде 5 жыл қатарынан жарна төлеген азаматтар уақытша табыссыз қалса да, 6 ай бойы сақтандырылған мәртебесін сақтап қала алады. Бұл — қиын жағдайға тап болған азамат медициналық көмексіз қалмайды деген сөз.

Мысалы, егер адам тұрақты жұмыс істеп, жарналарды тұрақты төлеп келсе, бірақ кейіннен жұмыссыз қалса, оған МӘМС аясында медициналық көмек көрсетіледі. Алайда кейін бұл кезеңдегі берешек өтелуі қажет.

Бірыңғай медициналық пакет енгізіледі

Президенттің 2024 жылғы Жолдауында белгіленген міндеттерге сәйкес, 2026 жылдан бастап денсаулық сақтау саласы әділеттілік пен қолжетімділік қағидаттарына негізделген Бірыңғай медициналық көмек пакетіне көшеді.

2026 жылдан бастап:

  • Онкологиялық скринингтер барлық азаматтар үшін, МӘМС мәртебесіне қарамастан, тегін болады.
  • Онкология, ВИЧ, туберкулез, инсульт, инфаркт, психикалық бұзылулар секілді 8 әлеуметтік мәні бар ауру бойынша диагностикаға қолжетімділік кеңейтіледі.
  • 12 топтағы созылмалы аурулар кезінде амбулаторлық диализ, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және жоспарлы көмек МӘМС-тің базалық пакетіне енгізіледі.

Бұл өзгерістер халықтың әлеуметтік қорғалуын күшейтіп, өмір сапасын арттыруға бағытталған.

Жарна төлеудің жоғарғы шегінің өзгеруі

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің тұрақты дамуы қаржылық жүктемені әділетті бөлуге негізделеді.

2026 жылдан бастап жарналарды есептеу базасының жаңа лимиттері енгізіледі:

Жұмыс берушілер үшін — 40 ЕТЖ (ең төменгі жалақы),

Жұмысшылар үшін — 20 ЕТЖ.

Бұл өзгеріс тек табысы жоғары 9%-ға жуық халықты қамтиды және жүйеге әлеуметтік бағыттылық пен теңгерімділік береді. Жыл сайынғы қосымша түсім шамамен 200 млрд теңгені құрайды. Бұл өз кезегінде медициналық көмектің тұрақты қаржыландырылуына және қолжетімділігінің артуына сеп болады.

 Мемлекет жарна мөлшерлемесін арттырады

Қазақстанда заңнамаға сәйкес, мемлекет МӘМС жүйесіне жеңілдік санатындағы азаматтар үшін жарна төлейді. Бұл төлемдер республикалық бюджеттен қаржыландырылады және өз бетінше жарна төлеуге қауқарсыз азаматтарды (балалар, зейнеткерлер, мүгедектігі бар азаматтар, жүкті әйелдер және т.б. барлығы 15 санат) медициналық қызметпен қамтамасыз етеді.

Қазіргі уақытта Қазақстанда жарна мөлшерлемесі — 2% (2025 ж.) — ең төмен деңгейде. Ал басқа елдерде бұл көрсеткіш 9–14,5% аралығында. Бастапқыда жүйе модельденген кезде жоғары мөлшерлемелер қарастырылған болатын, алайда олар төмендетілген түрде енгізілді.

Бірақ, Бірыңғай медициналық көмек пакетін енгізуге байланысты қосымша міндеттемелерді ескере отырып, қаржы жүйесі артып келе жатқан шығындарды көтере алмауы мүмкін. Осыған орай, мемлекет үшін жарна мөлшерлемесін кезең-кезеңімен арттыру ұсынылады:

2027 жылы — 2,2%-ға дейін,

2037 жылы — 4,7%-ға дейін.

Сонымен қатар, жұмыс берушілер мен жұмысшылар үшін жарна мөлшерлемелері бұрынғы деңгейде сақталады.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button