Облыс әкімі Курчатов қаласының тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады

Облыс әкімі Берік Уәли Курчатов қаласының тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға келген азаматтар жылу және ауыз су жүйелерін жаңарту, әлеуметтік нысандарды жөндеу, мамандарға арналған тұрғын үй және иесіз қалған ғимараттарды қалпына келтіру мәселелерін көтерді.
Атап айтқанда, тұрғындар Школьная және Абай көшелеріндегі көпқабатты тұрғын үйлерді қайта жаңғырту, №1 және №2 мектептердің стадиондары мен қоршауларын жөндеу, бұрынғы полиция бөлімінің ғимаратын балабақшаға беру, қаңғыбас жануарлар мәселесін шешу секілді ұсыныстарын айтты.
Қалалық аурухана үшін қосымша ғимарат бөлу, 17 цифрлық телеарнаны толық көрсетуді қамтамасыз ету, жастарға техникалық бейінде білім беру секілді ұсыныстар да назардан тыс қалмады. Аймақ басшысы тиісті басқармаларға нақты тапсырмалар берді.
Азаматтарды қабылдау барысында облыс әкімі әр мәселені жеке бақылауына алып, тұрғындар көтерген өзекті мәселелерді кезең-кезеңімен шешуді жауапты сала басшыларына жүктеді.
Қабылдауда көтерілген мәселелермен жақсы таныспын. Ауыз су, жылумен қамтамасыз ету, әлеуметтік инфрақұрылым мен тұрғын үй – өте өзекті мәселелер. Қаланың бірыңғай жылу көзін салу жобасы сараптамада. Ауыз су желілерін қайта құру бойынша 6,4 млрд теңгенің жобалары дайындалуда. Биыл облыс бойынша 1140 жалға берілетін пәтер сатып алынады. Оның 70-і осы қалаға беріледі. Мәдениет үйі, аурухана, мектептер жөнделеді. Қала тұрғындарының әл-ауқатын арттыру үшін барлық қажетті шаралар кезең-кезеңімен жүзеге асырылады, – деді аймақ басшысы.
Облыс әкімінің азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдауының алдында басқарма басшылары қала тұрғындарын қабылдап, сауалдарына жауап берді.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ