Абай облысыСпортТОП

Абай облысында ауыл спорт ойындары өтіп жатыр

Семейде алғаш рет Абай облысы әкімінің жүлдесіне арналған ауыл спорт ойындары өтіп жатыр. Өңірдің 10 ауданынан келген спортшылар ұлттық спорт түрлері, командалық ойындар бойынша сынға түсуде.

«Арена» спорт кешенінде өткен ауыл спорт ойындарының ашылу салтанатына облыс әкімі Берік Уәли қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі. Өңірде бұқаралық спортты дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыты екенін атап өтті.

«Қазіргі таңда Абай облысында тұрғындар игілігі үшін 610 спорт нысаны жұмыс жасайды. Жыл сайын спортпен шұғылданатын азаматтардың саны артып келеді. Біздің мақсат – азаматтарға спортпен шұғылдануда қолжетімділікті қамтамасыз ету, жаңа спорт нысандарын салу. Тиісті қолдау арқасында облыста спорт қарқынды дамып келеді. 2023 жылы ұлттық құрама сапына 286 спортшымыз енсе, бұл көрсеткіш 2024 жылы 453-ке, ал 2025 жылы 474 спортшыға дейін ұлғайды. Бұл – үлкен жетістік, зор мақтаныш. Өңірімізде бұқаралық спортқа да баса назар аударылып отыр. Бүгінде 244 мың адам, яғни халықтың 40%-ы спортпен жүйелі түрде айналысады. Соңғы 3 жылда 11 жаңа спорт кешені пайдалануға берілді. Қазірдің өзінде тағы 6 спорт нысанының құрылысы жүріп жатыр. 2025-2028 жылдары облыста мұз айдыны, заманауи стадиондар, теннис орталықтары және ауылдық жерлерде спорттық модульдер мен дене шынықтыру залдарын салуды жоспарлап отырмыз. Бүгін осы жерде «Туған жерге туыңды тік» атты инвестициялық форум өтті. Мемлекет басшысының қолдауымен «Абайға құрмет» акциясы аясында өзге облыстар біздің өңірімізге бір ғимараттан тарту етеді. Солардың арасында спорттық нысандар да бар. Ақтөбе облысы Семей қаласына Жекпе жек орталығын салып беретін болды. «KAZ Minerals» компаниясы қалаға 25 мың орындық стадион салуға көмектесеміз деді. Биыл құрылысын бастағалы отырмыз. Біздің мақсатымыз – әрбір тұрғынға, әсіресе ауыл балаларына, спортпен айналысуға қолжетімді жағдай жасау. Себебі ауыл спорты – ұлт болашағының қайнар көзі. Бүгінгі спорттық мереке тек жарыс емес, ауыл жастарына деген сенім мен үлкен мүмкіндік. Сіздерге жарыста сәттілік тілеймін» деді аймақ басшысы.

Спорт ойындары 19 маусымда үстел теннисі, тоғызқұмалақ және Президенттік көпсайыспен басталды. 20 маусымда қазақ күресі, волейбол, шағын футбол, асық ату, гір көтеру, қол күресі, арқан тарту, көкпар, аударыспақ және теңге ілу секілді ұлттық спорт түрлерінен сайыс өтті. Жарыстар Семей қаласының әр нысанында ұйымдастырылды.

Жалпы командалық есепте жеңімпаз атанған командаларға облыс әкімдігі тарапынан сертификаттар мен сыйлықтар табысталады. Жүлде қоры аясында жеңімпаз командаларға автобус және спорттық жабдықтар беріледі.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Осы айдарда

Back to top button