Абай облысы Денсаулық сақтау басқармасының «Аягөз ауданының көпбейінді орталық аудандық ауруханасы» ШЖҚ КМК тарихында алғаш рет сол жақ үлкен жіліктің құлыптамалы сүйекішілік жабық остеосинтезі операциясы сәтті өткізілді

2025 жылдың 26 наурызында Абай облысы Денсаулық сақтау басқармасының «Аягөз ауданының көпбейінді орталық аудандық ауруханасы» ШЖҚ КМК тарихында алғаш рет сол жақ үлкен жіліктің құлыптамалы сүйекішілік жабық остеосинтезі операциясы сәтті өткізілді.
Президент Жолдауында белгіленген міндеттерді орындау аясында көпбейінді орталық аудандық ауруханаларды жаңғырту жұмыстары жалғасуда.
Мемлекет басшысы 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының маңыздылығына ерекше тоқталған болатын. Осы жоба аясында, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің, Абай облысы әкімдігінің және Денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен ауруханамызға заманауи жылжымалы С-дуга рентген аппараты, өкпені жасанды желдету аппараты, фиброгастроскоп, бронхофиброскоп және басқа да медициналық жабдықтар сатып алынды.
Ауруханамызға 59 жастағы науқас шұғыл түрде жеткізіліп, сол жақ жілігінің ауырсынуына шағымданды. Жүргізілген кешенді тексерулер нәтижесінде оған сол жақ сирақтың үлкен жілігінің төменгі үштен бір бөлігі мен кіші жіліктің жоғарғы үштен бір бөлігінің жарықшақты орнынан тайған жабық сынығы диагнозы қойылды.
Алдын-ала дайындықтан кейін, науқасқа жергілікті анестезиямен, заманауи жылжымалы С-дуга рентген аппаратының көмегімен «Сол жақ үлкен жіліктің құлыптамалы сүйекішілік жабық остеосинтезі» операциясы сәтті жасалды. Операцияны травматолог Байтереков Олжас Сүндетбекұлы жүргізді.
Аталған операция Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында тегін жүргізілді, бұл науқасқа жоғары білікті медициналық көмекті ешқандай қаржылық шығынсыз алуға мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта ол МӘМС шеңберінде қалпына келтіру және оңалту емін алуда.
Егер науқас сақтандырылмаған болса, мұндай операцияның құны 661 000 теңгені құрайды. Бұл МӘМС жүйесіне қатысудың маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдейді, өйткені ол азаматтарға заманауи және қымбат медициналық көмекті қолжетімді етеді.
Бүгінде науқастың жағдайы қанағаттанарлық, жақын арада ол толыққанды өмірге оралады.
«Аягөз ауданының көпбейінді орталық аудандық ауруханасы» ШЖҚ КМК алдағы уақытта да халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуді, озық емдеу әдістерін енгізуді және медициналық көмектің сапасын арттыруды жалғастырады.