Болашақ технологиялары: Абай облысының кәсіпкерлері нарықты қалай өзгертіп жатыр

Абай облысында IT-индустрия, цифрлық технологиялар мен экологиялық кәсіпкерлік қарқынды дамып келеді. Гранттық қолдауға ие болған жас кәсіпкерлер бүгінде өз жобаларын сәтті жүзеге асырып, алғашқы нәтижелерін көрсетуде.
Грант иегерлерінің бірі Влад Набока өз командасының жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы баяндады.
— 2023 жылы біз Абай облысы әкімдігінен ойын әзірлеу студиясын құруға арналған грант жеңіп алдық. Қаражатқа қажетті жабдықтар сатып алынып, студия толыққанды жұмысын бастады. Осы уақыт ішінде 4 ойын әзірледік, оның үшеуі нарыққа шықты. Жақында Алматыда өткен халықаралық байқауда 1-орынға ие болып, 1 млн теңге көлемінде жүлде жеңіп алдық. Біздің жобамыз туралы жарияланған мақалада компаниямыздың жылдық айналымы 70 мың АҚШ долларына жеткені айтылған еді. Алдағы мақсатымыз – Қазақстандағы ойын индустриясын жаңа деңгейге көтеру. Қазіргі таңда командамызда 3 әзірлеуші мен 1 дизайнер жұмыс істейді, — деді ол.
Кәсіпкерлікті қолдау және дамыту бөлімінің бас маманы Азамат Серіков гранттық бағдарламалардың маңыздылығына тоқталды.
— 2023-2024 жылдары Абай облысында әлеуметтік, білім беру және кәсіпкерлік салаларын қамтитын түрлі гранттар бөлінді. 2023 жылы 22 жоба қолдау тауып, қаржыландырылды. Олардың қатарында жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар саласындағы бастамалар да бар, — деп атап өтті А. Серіков.
Экологиялық бағытта да тың жобалар жүзеге асырылуда. Соның бірі – «Развитие» ЖШС басшысы Максим Трухиннің бастамасы.
— 2023 жылы «Қайта өңделген ПЭТ-пластикті 3D-баспаға қолдану» жобасымен грант иегері атандым. Жоба аясында қажетті заттарды сатып алынып, пластик қалдықтарын қайта өңдеу ісі қолға алынды. Басты мақсат – күнделікті тұрмыста пайдаланылған пластиктен жаңа өнімдер жасау. Қазіргі таңда аталған технологияны жасыл энергетика саласына бейімдеуге күш салып жатырмыз. Нақтырақ айтқанда, күн панельдерінің корпустары мен жел генераторларының қалақтарын жасау бағытында жұмыс жүргізудеміз, — деді ол.
Өңірдегі IT-индустрияны дамыту және отандық өнім үлесін арттыру бағытында «Abai IT core» өңірлік хабы маңызды рөл атқарады. Хабтың бас директоры Санжар Саранбаев оқу орындарымен серіктестік орнату және заманауи технологияларды енгізу жұмыстары туралы баяндады.
— Біз Шәкәрім университетімен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Инновациялық жобаларды әзірлеу және енгізу бойынша орталығымыз белсенді қызмет атқарып келеді. Цифрландыру саласында импорт алмастыруға басымдық беріп отырмыз. Сонымен қатар, жасанды интеллект негізінде ақылды жаяу жүргіншілер өткелдерін, мемлекеттік органдар үшін порталдар мен веб-сайттарды әзірлеумен айналысамыз, — деді ол.
Жасанды интеллектті кәсіпкерлік саласына енгізу де маңызды бағыттардың бірі болып отыр. Соның жарқын мысалы – «ДКБ-2025» бағдарламасы аясында грант ұтып алған кәсіпкер Самуил Темірхановтың жобасы.
— Бүгінде біз жасанды интеллект технологияларына негізделген қызметтер ұсынамыз. Озық технологияларды қазақстандық кәсіпкерлердің жұмыс процесіне енгізуге көмектесеміз. Сондай-ақ, заманауи талаптарға сай жабдықтар мен жоғары өнімді видеокарталар сатып алдық. «Abai IT-Valley» технокластері бізге жаңа технологияларды игеру мен дамытуда қолдау көрсетуде, — деп бөлісті кәсіпкер.
Абай облысында қалыптасып жатқан технологиялық кәсіпкерлік экожүйесі инновациялық бастамаларды қарқынды дамытып, халықаралық нарыққа бәсекеге қабілетті өнімдер жасауда.