Абай облысыДенсаулық сақтауТОП

Облыс әкімі Бородулиха ауданындағы денсаулық сақтау нысандарын аралады

Облыс әкімі Берік Уәли Бородулиха ауданындағы жұмыс сапары барысында денсаулық сақтау нысандарын аралады.
Аймақ басшысы Бородулиха ауылындағы орталық аудандық аурухананың жұмысымен танысты.

80 төсек-орынға шақталған медициналық мекеме 30 мыңға жуық адамға қызмет көрсетеді. Аурухана медициналық құрал-жабдықтармен 85 пайыз қамтылған. Қазіргі уақытта аурухананың жылу жүйесі мен қазандығына күрделі жөндеу жүргізілуде. Үш қазандық ауыстырылды.

Медициналық нысандағы өзекті мәселенің бірі – акушер-гинеколог, нарколог, анестезиолог-реаниматолог мамандарының жетіспеушілігі. Аймақ басшысы аурухананың материалдық-техникалық базасы кезең-кезеңімен жаңартылатынын айтып, аудан әкіміне жас мамандарды жұмысқа тарту мәселесін Денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп шешуді тапсырды.

Облыс әкімі Жезкенттегі алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығына да барды.
1975 жылы пайдалануға берілген мекемеде 19 төсек-орын қарастырылған. Бұл орталық 9 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетеді. Мұнда 82 медицина қызметкері жұмыс істейді.

Облыс әкімі орталықты аралап, бөлімдердің жұмысымен танысты. Аймақ басшысы бастапқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді әрі сапалы болуы керектігін атап өтті.

«Жезкент – аудандағы ең ірі елді мекендердің бірі. 9 мыңға жуық халық тұрады. Кенттегі медициналық мекеме заман талабына сай жабдықталуы керек. Облыс әкімдігі тарапынан тиісті қолдау көрсетіледі», – деді облыс әкімі.

Айта кетейік, ауданда «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында үш жоба жүзеге асырылды. Успенка және Ауыл елді мекендерінде медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункттер, Жаңа Шүлбі ауылындағы дәрігерлік амбулатория салынды.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button