Облыс әкімі су тасқыны кезеңіне дайындықты күшейтуді тапсырды

Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бойынша комиссияның кезекті отырысы өтті. Қала және аудан әкімдері бейне режимде қатысқан жиында көктемгі су тасқыны және өрт кезеңіне дайындық барысы қаралды.
Төтенше жағдайлар департаменті, «Қазгидрометтің» Шығыс Қазақстан және Абай облыстары бойынша филиалы, Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Ертіс бассейндік инспекциясы жетекшілері аймақ басшысына өңірдегі ахуал туралы баяндады.
Жиында баяндама жасаған Төтенше жағдайлар департаменті басшысы Манарбек Шапағатов өңірде қардың ери бастағанын, әсіресе Көкпекті, Ақсуат, Жарма, Үржар, Аягөз, Мақаншы аудандарында су тасқыны қаупі жоғары екенін айтты.
Аталған аудан әкімдері бейне режим арқылы аймақ басшысына тасқынға қарсы дайындық шаралары туралы баяндады.
Облыс әкімі барлық аудан әкімдеріне су тасқыны қаупі бар аймақтарды күнделікті бақылауда ұстауды, жағдайды жедел баяндап отыруды тапсырды.
Кеше өңірдің төрт ауданындағы ахуалды тікұшақ арқылы бақыладым. Аягөз ауданындағы Бозай көпірінің жағдайымен таныстым. Облыста қар көлемі жылдағыдан қалың. Сондықтан қала мен аудан әкімдеріне су тасқыны кезеңіне дайындықты күшейтуді, елді мекендердегі қауіпті аймақтарды тағы бір мәрте қадағалап, тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын. Біздің басты мақсатымыз – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төтенше жағдайға жол бермеу. Төтенше жағдай туындаған жағдайда тез арада жедел шаралар қабылдауға дайын болуымыз керек, – деді аймақ басшысы.