Зейнеткерлер үшін МӘМС: жеңілдіктер, скринингтер және мемлекет есебінен сапалы медицина
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі зейнетақы төлемдерін алушыларға сапалы медициналық қызметтерді алу үшін ерекше шарттар ұсынады. Осы ретте мемлекет тарапынан сақтандырылған тұлғалардың тізіміне тек ресми түрде зейнетақы алатын азаматтар енгізілетінін ерекше атап өту маңызды. Зейнетақысын ресми түрде рәсімдемегендер немесе басқа мемлекеттерден зейнетақы алатындар мемлекет есебінен сақтандырылған тұлғалар тізіміне қосылмайды.
Жеңілдікті санатқа енгізілген қазақстандықтар ай сайын мемлекет тарапынан МӘМС жүйесіне қаражат аударылатыны себепті, сақтандыру жарналарын төлеуден босатылады.
Абай облысында шамамен 600 мың адам тұрады, оның ішінде 347 мың адам жеңілдікті санатқа жатады. Осы санаттағы 98 мыңнан астам зейнетақы алушы үшін сақтандыру жарналарын мемлекет төлейді.
МӘМС аясында ерекше назар скринингтік бағдарламаларға бөлінеді, олар ауруларды ерте кезеңде анықтауға бағытталған:
– 40 пен 70 жас аралығындағы әйелдер үшін сүт безінің ісік алды және ісік ауруларын ерте анықтау (әр екі жылда бір рет).
– 30-70 жас аралығындағы әйелдер үшін жатыр мойны қатерлі ісігіне скрининг (әр төрт жылда бір рет).
– 50-70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер үшін колоректальды қатерлі ісікке скрининг (әр екі жылда бір рет).
– 40-64 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер үшін жүрек-қан тамырлары ауруларын ерте анықтауға арналған кардиологиялық тексеру (әр екі жылда бір рет).
– Көру, есту және жалпы денсаулық жағдайын тексеру, әсіресе созылмалы аурулары бар адамдар үшін.
Профилактикалық скринингтер ауруларды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді, себебі емдеу ең тиімді кезеңде басталады. Мысалы, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, жыл сайын онкологиялық аурулардың 60%-ы алғашқы және екінші кезеңдерде анықталады, бұл емдеудің сәтті өту мүмкіндігін айтарлықтай арттырады.
Қарт азаматтар сонымен қатар дәрігер тағайындаған жағдайда зертханалық талдаулар мен диагностикалық процедураларды (УДЗ, ЭКГ, КТ, МРТ) тегін өтуге құқықтары бар. Барлық қызметтер МӘМС аясында көрсетіледі.
МӘМС жүйесі азаматтарға өз денсаулығына тиімді және қосымша қаржылық шығындарсыз қамқорлық жасауға мүмкіндік бере отырып, уақтылы және сапалы медициналық көмекке қол жеткізуді қамтамасыз етеді.