Биыл Әділет департаменті 788 мемлекеттік қызмет көрсеткен
Әділет Департаменттің құрылымына жеті бөлім және үш ауданаралық сот актілерін орындау жөніндегі аумақтық бөлімдер кіреді, деп хабарлайды Semeynews.kz
Қазіргі уақытта департаменттің жалпы штат саны 42 бірлікті құрайды. Бұл туралы Абай облысы Әділет департаменті басшысының орынбасары Жанболат Самашев баяндады.
– Жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен өтініштердің саны ағымдағы жылдың 10 айында айтарлықтай өсті. Биыл 10 айда 2412 өтініш қабылданды, ал 2023 жылы бұл көрсеткіш 1638 болатын. Өсім — 68%-ды құрайды . Халықпен кері байланыс орнату мақсатында департамент күн сайын азаматтарды қабылдайды. Өтініштерді уақытында қарау үшін тұрақты түрде мониторинг жұмыстары жүргізіліп отырады, – деп атап өтті басшы орынбасары.
Биыл 417 тіркеу әрекеті жүргізілген. Әділет департаменті мемлекеттік корпорация қызметіне мониторинг жасап, Әділет министрлігінің ақпараттық жүйелері мен “Азаматтық хал актілерін жазу тіркеу пункті” жүйесінде де бақылау жүргізеді.
– 2024 жылы 788 мемлекеттік қызмет көрсетілді, бұл көрсеткіш 2023 жылғы 640 қызметтен жоғары. Мемлекеттік қызметтер бойынша бас тартулар саны 105-ті құрады, алайда негізсіз бас тартулар болмады. Жалпы 156 нормативтік құқықтық акті тіркелді. Құқықтық мониторинг нәтижесінде 7 акт бойынша заң бұзушылықтар анықталып, оларды жою туралы ұсыныстар енгізілді. Осылайша, 22 ақпараттық хат және 3 үйлестіру кеңесі өткізілді, – деді Жанболат Самашев.
Спикердің айтуынша, құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында департамент 604 іс-шара өткізді, оның ішінде шалғай елді мекендерде 11 көшпелі іс-шара ұйымдастырылды. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы «Әділет кеңес береді» айдарында құқықтық түсіндіру материалдары жарияланған.
– Бүгінде Әділет министрінің тапсырмасы бойынша ауылдық жерлерде 42 құқық кабинеті жұмыс істеп, азаматтар заңды ақпаратқа қол жеткізеді. Департамент 59 адвокаттармен және заң кеңесшілерімен келісім жасап, 5487 азаматқа тегін заң көмегі көрсетілді. Сонымен қатар, Жыл басынан бері жеке нотариустарға қатысты 10 тексеру жүргізілді, нәтижесінде 2 нотариус тәртіптік жауапқа тартылды, ал 4 нотариус сот шешімімен лицензиясынан айырылды, – деді спикер.