Абай облысыТОП

Облыс әкімі Үржар ауданы тұрғындары алдында есеп беру кездесуін өткізді

Аймақ басшысы жұмыс сапарымен Үржар ауданында болды. Сапар барысында аудан тұрғындарымен кездесіп, есеп берді. Аймақ басшысы өз есебінде ел Президентінің Жолдауында дамудың бағыттары айқындалғанын, олардың негізгілері халықтың өмір сүру сапасын арттыру және экономиканың өсімі екенін баса айтты.

Халықты ауыз сумен қамтамасыз ету өзекті мәселелердің бірі болып қала бермек. Облыстағы су құбыры желілерінің ұзындығы 3220 шақырымнан асады. 2026 жылға дейін 46 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда, оның ішінде алтауы биыл басталған. Үржар ауданында 27 ауыл ауыз сумен қамтамасыз етілсе, Лайбұлақ, Малақ, Некрасовка ауылдарында су құбырларын тарту және қайта жаңғырту жұмыстары аяқталуда. 2026 жылға дейін Ер Қабанбай, Қазымбет, Қызыл ту ауылдарының тұрғындары таза сумен қамтылады.

Жарықтандыру бағытында Үржар, Көлденең, Айтбай, Жанай елді мекендерінде жұмыстар аяқталды. Жақын арада Ақжар, Бестерек, Жаңа Тілек, Көкөзек, Қарақол ауылдарына көше шамдарын орнату жоспарда бар. Осы мақсатта облыстық бюджеттен 180 миллион теңге бөлінді, оның ішінде Үржар ауылындағы балалар саябағын жөндеу көзделген. Сонымен қатар ауданның инженерлік желілерін цифрландыру үшін қала құрылысы кадастрының схемасы әзірленуде.

Ағымдағы жылы Үржар ауданында 5,6 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді. «Үржар-Барқытбел-Қарабұйрат» автожолы, Қаракөл, Шолпан ауылдарына кіреберіс жолдар жөнделуде.

Болашақтың кілті – білім. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бүгінде 5 мектеп салынуда. Биыл тағы 6 мектептің құрылысы басталды. Нәтижесінде орын тапшылығы 6900 орынға азаяды. Облысты дамытудың 2026 жылға дейінгі кешенді жоспарына сәйкес Малақ кентінде 100 орындық және Сағат кентінде 80 орындық мектеп салу жоспарлануда», — деді облыс әкімі.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 65 алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысанының құрылысы басталып, оның сегізі Үржар ауданында салынуда. Сондай-ақ Ақжар ауылындағы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін балалар орталығы ғимаратының екі қабатты қосымша құрылысын салу жұмыстары да жалғасуда.

Сондай-ақ азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау жүргізілді. Облыс әкімі қойылған сауалдарға нақты жауаптар беріп, аудан әкімі мен тиісті басқарма басшыларына бақылауға алуды тапсырды.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button