Абай облысыауылшаруашылығыТОП

Жаңа тәсілдер облыстағы егіс алқаптарының өнімділігі мен көлемін арттырады

Жаңашылдық пен инновациялық тәсілдің арқасында егіс көлемі ғана емес, одан алынатын өнім де артып келеді. Облыста егін жинау науқаны 10 тамызда басталды.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ертай Қуанбаев баяндады.

– Биылғы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 749,5 мың гектарды құрады, оның ішінде дәнді және бұршақ дақылдары – 299 мың гектар, майлы дақылдар – 295,8 мың гектар (оның ішінде 290,1 мың гектар күнбағыс немесе өткен жылғы деңгейден 101,6% ), 143,5 мың гектар жем (113,8%), 5,8 мың гектар картоп, 5,4 мың гектар көкөніс пен бақша дақылдары, – деді спикер.

Жалпы, 19 тамыздағы жағдай бойынша облыста дәнді және бұршақты дақылдардың 9,4% – ы, картоптың 5,1% – ы, көкөніс-бақша дақылдарының 10% – ы жиналды.

– Өнімділікті арттырудың тағы бір маңызды факторы – сапалы тұқымдарды пайдалану. Биылғы жылы элиталық сорттарды пайдалану 8,3% – ға дейін өсті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 0,8% – ға жоғары. Сонымен қатар, қазіргі таңда облыста 12,5 мың гектар алқапқа немесе жоспардың 95,4%-ына (жаңбырлатып суару – 11,2 мың га, тамшылатып суару – 1,3 мың га) су үнемдеу технологиялары қолданылуда, – деп қосты Ертай Қуанбаев.

Бұдан басқа, облыста ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау шаралары белсенді іске асырылуда. 2024 жылы облыста жалпы сомасы 6 млрд теңгеге заманауи су үнемдеу технологияларын пайдалана отырып, 7 жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұл ретте айналымға 5,4 мың га жаңа суармалы жер енгізіледі.

– Егіс және егін жинау жұмыстарын жеңілдетілген несиелеу үшін ауыл шаруашылығы министрлігі ағымдағы жылы жалпы сомасы 9,3 млрд теңге бөлді. Ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша отандық тыңайтқыштарды алдын ала субсидиялау тетігі енгізілді. Бұл шаруаларды алдын-ала арзан отандық тыңайтқыштармен қамтамасыз ететін ынталандырудың жаңа механизмі. Осы тетік шеңберінде субсидиялау мөлшерлемесі 50% – дан 60% – ға дейін ұлғайтылды. Нәтижесінде облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері өнімділікті арттыру мақсатында 43,4 мың тонна немесе (49,0 мың тонна) белгіленген жоспардың 88,6% минералды тыңайтқыштар енгізді (жыл соңына дейін орындау технологиялық нормаларға сәйкес 100% құрайды), – деп қорытындылады Ертай Қуанбаев.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button