Бүгін Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов Қытай Халық Республикасының Тачен қаласынан келген делегациямен ресми кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар өзара қарым-қатынасты нығайту, экономикалық және әлеуметтік салаларда тәжірибе алмасу, сондай-ақ, бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады. Нұрбол Нұрсағатов өз сөзінде екі қаланың арасындағы әріптестік қатынастарды одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтіп, ұсынылған бастамаларға жоғары баға берді.
«Біздің ортақ мақсатымыз – екі тараптың экономикалық мүдделерін жақсарту және өзара ынтымақтастықты қамтамасыз ету. Жиын барысында айтылған ұсыныстардың барлығы орынды және болашағы зор деп санаймын», – деді Нұрбол Нұрсағатов.
Кездесу соңында делегация мүшелері болашақта іске асырылуы мүмкін жобаларды қарастырып, тығыз ынтымақтастық орнатуға ниеттерін білдірді.
Сонымен қатар, бүгін сағат 17:00-де Абай атындағы театрда Қытай Халық Республикасының Тачен қаласынан келген делегацияның ұйымдастыруымен мерекелік концерт өтеді. Бұл шара қалалар арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға және халықтар достығын көрсетуге бағытталған.