Семей

Семейде ұландықтар ұлы ақынды ұлықтады

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5511 әскери бөлімінің мерзімді әскери қызметшілері «Абай – тарихи тұлға» атты мерекелік іс-шараға қатысты. «Семей жастар ассамблеясы» қоғамдық бірлестігі ұйытқы болған шара шаһардағы Абай атындағы қорық-музейінде өтті. Мәдени-танымдық экскурсияның мақсаты жастарға Абайдың шығармашылығын насихаттау сонымен қатар қазіргі заманмен байланысын сондай-ақ өзінен кейінгі ұрпаққа берген білімі мен даналығын талдау.

– Біз Ұлттық ұлан сарбаздарына интерактивті экскурсия жүргіздік. Өйткені, жерлес даңқты алып ойдың иесінің өмірі мен шығармашылығын дәріптеуде заманауи бағытқа көшкенді жөн санадық, – дейді «Семей жастар ассамблеясы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі.

Іс-шара бісмілләсі ақын ескерткішіне гүл қою рәсімінен басталды. Одан кейін музей ішінде экскурсия және басқа да танымдық іс-шаралар рет-ретімен жалғасын таба білді. Ұлттық ұлан сарбаздары тағылымды шарадан Һәкімнің шығармашылығы туралы тың ақпараттарға қанық болып, рухани азыққа кенелді.

– Отан алдындағы борышымды ұлылықтың дәні егілген киелі топырақ Абай атамыздың туған жерінде өткеріп жатқаныма қуаныштымын. Әсіресе, бүгінгі шырайлы кеш мені ерекше әсерге бөледі. Маған Абайдың қара сөздері ұнайды. Мектеп қабырғасында естіп, жаттаған нақылдарды бүгін тағы да бір мәрте пысықтадым. Абайдың қара сөздерін туып-өскен ауыл-аймақтан жырақта жүргенде санаңа сіңіру мүлде бөлек екен, – деді 5511 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Жасұлан Атабеков.

Ұйымдастырушы тарап аталмыш іс-шараның жас буын бойына тәрбие дарытып, өз елімізге деген патриоттық сезімді арттыруды көздейді. Мерзімді әскери қызметшілер Абай шығармаларының танымдық мәнімен бірге ұлттық әдебиет пен мәдениетті, ана тілін өркендетудегі рөлі зор болғаны туралы мәліметтермен танысты. Шара соңында естелік ретінде кеш қонақтарына біртуар тұлға жайында жарық көрген кітаптар табысталды.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Осы айдарда

Back to top button