Абай облысыСемейТОП

Саябақтар салу, жолдарды жөндеу: Семейде жайлы орта қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде

Семейде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленген абаттандыру мен дамытудың ауқымды жоспары белсенді түрде жүзеге асырылуда. «Астанагенплан» мекемесі Бас жоспарды әзірлеу конкурсының жеңімпазы болып танылды. Барлық жобалау-бекіту жұмыстарын аяқтау 2024 жылдың төртінші тоқсанына жоспарланған. Бұл туралы Абай облысы әкімдігінің кезекті отырысында Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов баяндады.

Жаңа бас жоспардың басты мақсаты – қала құрылысының сабақтастығын сақтай отырып, олардың қатарына №3 ЖЭО, басқа да инфрақұрылым мен әлеуметтік нысандарды қосу.

Шаһарда құрылыс индустриясы тұрақты өсу үстінде. Бүгінде мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу кезегінде 14 100 адам тұр. Биыл азаматтарға «Қарағайлы» шағын ауданында 77 пәтердің кілті табыс етілсе, жыл соңына дейін тағы 339 отбасы баспаналы болмақ. Қалада 21 көппәтерлі тұрғын үй салынып жатыр, сонымен қатар 712 пәтерлік 13 үйдің құрылысы басталды.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Қарағайлыда 1200 орындық, Водный кентінде 600 орындық және Заря шағын ауданында 1200 орындық үш мектеп салынуда. Жастарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында «Абай жастары» бағдарламасын жүзеге асыруға 200 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Бағдарлама 20 тамызда басталады. Ол қаланың 35 жасқа дейінгі жастарына арналған.

Қаланың 30 көшесін жарықтандыру жоспарлануда. Қаланың әр аудандарында шамдар мен бағандарды орнату жұмыстары жүргізілуде. Көлік саласында жалпы ұзындығы 36 шақырымды құрайтын 40 көшеде жол жөндеу, жол профилін жасау және жол жамылғыларына ағымдағы жөндеу жұмыстары жоспарланған. Аула аумақтарын асфальттау, жаяу жүргіншілер жолын жөндеу және көшелерді қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Ертіс өзені арқылы өтетін аспалы көпірді қайта жаңғырту жобасы, сондай-ақ аялдамалар мен жерасты өткелдерін жөндеу ерекше бақылауда.

«Әрбір жоба сапалы жасалуы тиіс, өйткені барлық іс-шаралар бірінші кезекте тұрғындардың жағдайын жақсартуға бағытталған. Жаңа тұрғын үйлер салудан бастап, жол жөндеуге дейінгі әрбір жобаның жоғары деңгейде аяқталуын қамтамасыз етуіміз керек», – деді облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев.

Қаланың 50 аула аумағын абаттандыру жұмыстары жоспарда бар, оның ішінде 14 аула жөнделіп, 4 қоғамдық кеңістік абаттандырылады. Ағымдағы жылы көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін әрлеу жұмыстары жүргізілуде, 44 ғимаратқа жөндеу жұмыстары көзделген. Қалада қоғамдық кеңістіктерді көбейту белсенді түрде жүзеге асуда. Атап айтқанда, Мәңгілік Ел көшесін қайта жаңғырту, №1 аурухана жанындағы «Дәрігерлер» саябағының құрылысы және сол жағалаудағы «Құтқарушылар» саябағын абаттандыру жұмыстары жалғасуда.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button