Абай облысыТОП

Ұландықтар Абай облысының шекара маңындағы аудандарын аралады

Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты үгіт-насихат тобы Абай облысының аудандарын аралауда. Жиырма шақты әскери қызметшіден құралған арнайы топ жұмыс сапарын Мақаншы ауданынан бастады. Ұландықтар жергілікті жұртпен кездесу ұйымдастырып, үгіт-насихат парақтарын таратты. Әскери қызметшілерден мардымды ақпарат алған аудан жастары Ұлттық ұлан сапында қызмет етуге қызығушылық танытқандарын жеткізді.

– Біздің мақсатымыз – өңір тұрғындарына патриоттық рух дарытып, Отансүйгіштік қабілеттерін арттыру. Сондай-ақ, Ұлттық ұланның имиджін нығайтып, әскери қызметшілердің жауынгерлік міндеттеріне деген оң көзқарас қалыптастыру, сонымен қатар азаматтарды құқықтық тәртіп әскері қатарына қосуға және Ұлттық ұлан академиясына оқуға түсуге шақыру, – дейді 3477 әскери бөлімі командирінің орынбасары майор Аңсар Шакенов.

Мақаншылықтарға арнап ұландықтар аудан саябағында концерттік бағдарлама ұсынды. Өңірлік қолбасшылықтың әскери оркестрі, сондай-ақ, өнерлі әскери қызметшілер жиналған жұртқа патриоттық сарындағы музыкалық шығармаларды тарту етті.

Аудан тұрғындарымен бірге жергілікті билік өкілдері де әскери меймандардың өнеріне тамсанып, қошемет көрсетті.

– Ұлттық ұланның үгіт-насихат тобы Мақаншы ауданына ат басын бұрғаны қуанышты жаңалық. Әсіресе, мен үшін әскери оркестрдің әуезді әуендері ерекше әсер қалдырды. Көптен бері әскери оркестр сүйемелдеуіндегі жанды музыканы естімеген шалғайдағы елдің әсем әнге деген құмары қанғандай. Осы орайда, ел-жұртқа тәрбие берудегі қызметтеріңізге сәт-сапар тілеймін, – дейді Мақаншы ауданы әкімінің орынбасары Олжас Соғымбай.

Үгіт-насихат тобының кезекті сапары Үржар ауданына арналды. Олар мұнда білім нысандарын аралап, насихат жұмыстарын барынша жүргізді. Бұдан кейін ұландықтар Көкпекті өңірін бетке алмақ. Айта кетейік, насихат тобы жұмыс сапарын Ақсуат ауданында қорытындылайды.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Осы айдарда

Back to top button