Абай облысын көгалдандыруға түрлі ұлт өкілдері өз үлестерін қосты
Бүгін Қазақстан халқының бірлігі күніне орай бірқатар іс-шаралар өтуде. Көкпекті ауданының этномәдени бірлестіктерінің өкілдері қоршаған орта мен табиғатты қорғауға үлес қосу үшін Жеңіс саябағына жиналды. Нәтижесінде, 150-ге жуық көшет отырғызылды. Іс-шара республикалық «Таза Қазақстан» эко акциясы аясында өтті, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Марат Теміржанов сөз сөйлеп, барлық қатысушыларға осы игі іске ат салысқандары үшін алғыс білдірді.
Акцияның әрбір қатысушысы көшет отырғызып, елі үшін жауапкершілікті өз мойнына алуға дайын екендігін көрсетті. Олар көшеттіи отырғызып қана қоймай, күтіп баптап, уақытылы суғарып отырады.
Іс-шараға түрлі ұлт өкілдері жиналды.
Альфия Гусейнова әзірбайжан ұлтының өкілі. Көкпекті ауылында туып өскен. Көп балалы ана мұғалім болып жұмыс жасайды.
«Бүгінгі акция туралы ести сала ауылымның гүлденуіне үлес қосу үшін келдім. Өз көшетімді отырғыздым. Келесі жылы отбасымызбен бірге келіп көшет егуге жоспарымыз бар», – дейді аудан тұрғыны Альфия Гусейнова.
Елена Вебер неміс ұлтының өкілі. Ауылда бірнеше жылдан бері тұрады. Ол да ауылдастары сияқты ауданның дамуында өз үлесін қосу үшін акцияға белсенді қатысты.
«Бүгін ауданымызда «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында үлкен іс-шара өтіп жатыр. Ауылдың гүлденуіне өз үлесімді қосу үшін көшет отырғызу акциясына келдім. Жалпы бұндай акциялар алдағы уақытта да жиі өткізіліп отырса деген тілегім бар. Себебі табиғатты аялап, қорғау баршамыздың міндетіміз», -дейді Елена Вебер.
Көкпекті ауданында 13 635 адам тұрады. Ауданда 20-дан аса ұлт өкілдері бар. Облыста 49 этномәдени бірлестік жұмыс істейді.
Semeynews.kz