Семейде «Үздік кондитер» байқауы өтті
Қала күнін мерекелеу қарсаңында «Үздік кондитер» байқауы өтті. Сайыс барысында кондитерлер қала қонақтары мен тұрғындарына арнайы мерекеге орай жасалған 20 метрлік тортты ұсынды, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Іс-шараға қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов та қатысып, ұсынылған тәтті өнімдерді аралап көрді.
Сайысқа қаламыздың беделді кондитерлік дүкендерінің торттары қойылды. «Балқаймақ» кондитерлік дүкенінің кондитері Сәуле Ахметжанованың айтуынша, мұндай сайыстар қала тұрғындарының басын біріктіріп, халыққа тамаша көңіл-күй сыйлайды.
«Тортымызды бүгінгі қала күніне сай безендірдік. Көріп тұрғандарыңыздай, Абай атамыздың мүсіні мен қара сөздерін қойдық. Тортты әзірлеуге 3 күндей уақыт кетті. Торттың дәмі тіл үйіретініне сенімдімін.Қаламызда мұндай сайыс алғаш рет өткізіліп жатыр. Ұйымдастырушыларға алғысымызды білдіреміз. Осы тәрізді байқаулар жиі өткізіліп тұрса екен дейміз. Қала күні құтты болсын! Семейіміз көркейе берсін», – деді Сәуле Ахметжанова.
Сайыс нәтижесінде 1 орынды «Альмира Тәтті» кондитерлігі, 2 орынды «Дәмелі» кондитерлік дүкені иеленсе, 3 орынды «Тұмар» кондитерлік дүкені жеңіп алды. Жеңімпаздар ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Semeynews.kz