Абай облысының Жарма ауданында ХV Халықтық спорт ойындары өтуде
Жарма ауданында Спорт мерекесіне орай, аудан әкімінің жүлдесіне арналған ХV Халықтық спорт ойындары өтуде, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Биылғы аудандық ойындар Жарма ауданының 95 жылдық мерейтойымен ұштастырылып, мұнда әрбір округтің сенім артқан спортшылары жиналды. Ауыл намысын қолдан бермеуге тырысқан үміткерлермен бірге, өз командаларына дем беріп, демеу көрсеткендер жанкүйерлер қатары да қалың болды.
Кезекті халықтық спорт ойындары Қалбатау ауылының орталық алаңында өткен салтанатты ашылу рәсімімен өз бастауын алды. Салтанатты кеш басталмас бұрын, ауданның спорт майталмандарының есімдері жаңғырып, ел тарихында өшпес із қалдырған спорт саңлақтары ұлықталды.
Ашылу рәсімінің шырайын келтіріп, сап түзеген округ спортшылары орталық алаңға жиналған жұртшылық пен жанкүйерлерді бей-жай қалдырмады.
Ойындардың ашылу салтанатына аудан әкімі Жарқынбек Байсабыров арнайы қатысып, тұрғындарды, байрақты бәсекелерде ел намысын абыроймен қорғап жүрген спортшыларды, бапкерлер мен спорт ардагерлерін құттықтап, округтерден келген командаларға ізгі тілегін білдірді.
Салтанатты шара барысында түрлі жарыстарда үздік нәтижелерге қол жеткізген спортшылар мен аудан спортына еңбек сіңірген жаттықтырушылар аудан әкімінің грамота, алғыс хаттарымен марапатталды. Жоғары марапатқа қол жеткізген әрбір тұлға аудан тарихына өзіндік өшпес із қалдырып, спорттағы еншісіне сүбелі үлес қосқан жандар. Аудан әкімінің жүлдесіне арналған ХV Халықтық спорт ойындарының алауын жағу құрметі биылғы жылы Азия және Океанияның самбо чемпионатында топ жарған жерлесіміз, аудандық мәслихат депутаты Марат Сағындықұлы Қарақановтың еншісіне тиді. Сондай-ақ, ежелгі спорт түрінің бірі – каратэ мектебінің тәрбиеленушілері өз өнерлерін ортаға салды.
Мерекелік іс-шара аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасын тауып, өнерпаздар жиналған көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Халықтық ойындарға қатысушылардың құрметіне отшашу ұйымдастырылды.
Жарма ауданы әкімінің жүлдесі үшін ХV Халықтық спорт ойындары шеңберінде баскетболдан, футболдан, волейболдан, үстел теннисінен, тоғызқұмалақ, шахматтан жарыстар өткізілуде. Жарысқа қатысушы округтердің командалары топтарға бөлініп, өзара күш сынасып, мықтылар анықталуда. Спорттық жарыстарда жеңіске жеткен командалар арнайы кубок, жүлделермен марапатталады.
Semeynews.kz