Аймақ басшысы саябақтарда жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарымен танысты
Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Семей қаласындағы саябақ аумақтарында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Алғашқы нысанның бірі Жамақаев көшесінің бойындағы аллея болды. Кеңістіктің Мәңгілік Ел көшесінен Қайым Мұхамедханов көшесіне дейінгі бөлігінде құрылыс жұмыстары жүргізілді. Орындықтар, қоқыс жәшіктері және ескі шағын сәулет нысандары алынды. Оның орнына балалар ойын мен спорт алаңдары, жаңа воркаут аймағын орнату жоспарланып отыр. Құрылыс жұмыстарын қыркүйекте аяқтау жоспарланған. Аймақ басшысы Жеңіс алаңына да барды. Бүгінгі күні «Зеленстрой» ЖШС мердігер ұйымы 580 м2 алаңға шөп қоршауларын орнату, гүл отырғызу жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, саябақта ауданы 480 м2 болатын «Чаши слез» субұрқағын қалпына келтіру жұмыстары басталды. Сонымен қатар, облыс әкімі Бейбітшілік аралының аумағында орналасатын этноауыл орнында болды. Мұнда дәстүрлі үйлерді орнату жоспарланып отыр. Осы мақсатта, Ресей Федерациясы, Оңтүстік Корея, Жапония, Германия, Өзбекстан, Украина, Беларусь мемлекеттерінің Қазақстан Республикасындағы елшіліктерімен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Нысандарды аралау барысында Нұрлан Ұранхаев тұрғындармен әңгімелесіп, жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары туралы пікірлерін және ұсыныстарын тыңдады. Облыс орталығында абаттандыру, аумақты дамыту және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мәселесі облыс басшысының үнемі бақылауында.