Абай облысы аудандарында 7 мамыр күніне орай әскери-спорттық іс-шаралар өтті
Абай облысының барлық аудандарында Отан қорғаушылар күні үлкен көлемде атап өтілді. Бұл күндері қазақстандықтардың тыныштығын тынымсыз қорғайтын біздің әскери қызметшілерімізге ерекше құрмет пен алғыс білдірілуде. Әскери әндер шеруі, жарыстар, әскери-спорттық жарыстар және тағыда басқа іс-шаралар өткізілді, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Мерекеге орай, Мақаншы ауылының шекара басқармасында Жас шекарашылардың ант қабылдау рәсімі өтті. Мерекелік шараға Үржар ауданының әкімі Нұржан Тоқсеитов қатысты. Ол басқарма басшылығын, жас сарбаздар мен ата-аналарды осы айтулы мерекемен құттықтап, әскерге шақырылушыларға ізгі тілегін білдірді.
Сонымен қатар, Ақсуат ауданының орталық стадионында бес пән бойынша әскери-спорттық жарыстар өтті. Сайысқа аудандық мектептердің 100-ге жуық оқушысы бар 16 команда қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша командалық есепте бірінші орынды Сасанби орта мектебінің командасы, екінші орынды Қожакелді батыр атындағы орта мектептің оқушылары, үшінші орынды Тана Мырза және Ю. Гагарин атындағы орта мектептердің оқушылары иеленді. Сондай-ақ, жарыстың жекелеген түрлері бойынша жеңімпаздар анықталды.
Осы күндері соғыс және тыл ардагерлерін де құттықталуда. Жеңіс күні қарсаңында AMANAT партиясының Ақсуат ауданы филиалы мен аудан әкімдігінің өкілдері тыл ардагерлеріне құрмет көрсетті. Олар тыл ардагері Александр Гулевичке барып, оның денсаулығы сұрап, тілектері мен құттықтауларын жеткізді.
Semeynews.kz