Көпір құрылысы барысымен Абай облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов танысты, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатовтың айтуынша, қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары басталды. Бастапқыда бұл мақсаттарға 30,4 млрд теңге бағыттау жоспарланған болатын. Алайда, құрылыс материалдары құнының қымбаттауына байланысты қазіргі уақытта смета қайта қаралуда.
Сонымен қатар, Премьер-министрге Семей айналып өтетін айналма жол салу жоспарлары туралы айтылды. Бас жоспарға сәйкес, қаланың батыс жағында айналма жол қарастырылған. Онда алты көлік қосылысы, үш көпір және екі өткел болады. Сондай-ақ, бүгінгі күні Омбы – Майқапшағай республикалық маңызы бар автожол құрылысы жобасы бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірленді. 2021 жылдың наурыз айында оң қорытынды алынды. ТЭН әзірлеу құны 55 миллион теңгені құрады
– Автожолдардың сапасы Семей үшін маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Қазіргі уақытта қалада үш көпірдің екеуі жөндеуді қажет етеді. Сондай-ақ, жолдардың 68% – ы стандарттарға сәйкес келмейді. Республикалық бюджеттен Семей жолдарына 7 млрд теңге бөлінді. Автокөлік көпіріндегі жұмыстар уақытында аяқтау керек. Сондай – ақ, автожолдарды жөндеу жұмыстарын жалғастыру қажет, – деді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов.
Премьер-министр облысты дамытудың бекітілген бес жылдық жоспары туралы еске салды, оның шеңберінде өңірдегі бірқатар объектілер бойынша жұмыс жалғасады.
Semeynews.kz