Абай облысыВизитҚоғамСемейТОП
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі БАҚ өкілдеріне баспасөз мәслихатын өткізді
Абай облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыров БАҚ өкілдеріне баспасөз мәслихатын өткізді, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша орталық атқарушы мекемелерінің басшылары өңірлерге тұрақты түрде шығып, халықпен кездесіп тұратынын атап өтті.
- Сапарымның басты мақсаты – халықпен кездесу. Бұл кездесулер есеп беру үшін ұйымдастырылмайды: жиналысқа бөлінген уақыттың 75%-ы сұрақ-жауап түрінде өтуі керек. Үкімет стратегиялық жоспарлар белгілейді, соған сай әр ведомство заңнамамен жұмыс істейді және олар еліміздің өңірлеріндегі жағдайдың қалай өрбіп жатқанын білуге міндетті. Бүгін біз азаматтардың қатысуымен үлкен іс-шара өткіздік, онда мен көпшілікті толғандырған сұрақтарға жауап бердім, жеке қабылдау өткіздім. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі кейбір мәселелерді өз бақылауына алды,- деді Данияр Қадыров.
Қазір елімізде «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң талқылануда. Вице-министр заң жобасында көзделген жаңашылдықтардың бірі туралы айтып берді.
- Қазір заң жобасы талқыланып жатыр, кейін Мәжілісте қаралады. Журналистердің мәртебесін айқындау мен олардың жұмысын көрсету үшін пресс-карта беріледі. Пресс-карта иеленген журналистер мемлекет тарапынан біршама жеңілдіктерге ие болады. Бұл карта журналистке айтарлықтай артықшылық бере алатынын айта кеткен жөн. «Журналист» деген сөз мақтанышпен айтылуы керек. Блогерлерге келетін болсақ, әзірге біз халықаралық, соның ішінде алыс шетелдердің тәжірибесін зерттеп жатырмыз, – деп атап өтті Данияр Қадыров.
Вице-министр журналист кадрларын даярлау мәселесінің маңыздылығын да атап өтті.
- Қоғамда журналист мамандығы бұрынғыдан да құрметке ие болуы қажет. Сондықтан кадр даярлау мәселесі өте өзекті. Қазір бұл бағытта Білім және ғылым министрлігімен бірлесе ауқымды жұмыс атқарып жатырмыз, – деді вице-министр.
Жиын соңында Данияр Қадыров баспасөз мәслихатына жиналғандардың барлығына алғысын білдіріп, өзара ынтымақтастықтың қажет екенін айтты.
Semeynews.kz