ШҚОҚоғамТОП

Биыл Өскеменде 1 мыңға жуық үйді су басуы мүмкін

Өскемен қаласында күн жылынып, қар еріген кезде 900-ден астам үйді су басу қаупі бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, құтқарушылар мен жергілікті атқарушы орган өкілдері су тасқынына қарсы шаралар жоспары аясында су басу қаупі жоғары аумақтарға бақылау жүргізді.

Өскеменде 900-ден астам тұрғын үйді су басу қаупі бар.

Олар Согра шағын ауданы, Красин, Ахмер және Меновное кенттерінде орналасқан.

Бүгінгі таңда Ахмердегі Сейфуллин көшесінде арық салынып, Омаров көшесінде арық тазаланып, тереңдетілген.

Осы сияқты жұмыстар Шмелев Лог кентінде, «Металлург-3» бау-бақша қауымдастығында және 28 тұрғын үй ауданында жүргізілді.

ЖМК, Аблакетка, Промбаза, Согра, Күленов, Жыланды, Защита, Нефтебаза, Прохладная шағын аудандарында, Шығыс, Прудхоз кенттерінде арықтарды тазалау жұмыстары жүргізілді.

Су тасқыны кезеңіне орай 75 арнайы техника, 120 адам, 4 тіркемелі және 20 тасымалды мотопомпа дайындалған.

«Жақын арада құтқарушылар жыл сайын су басатын тұрғын үйлерді аралауды бастайды. Үй иелеріне ақпараттық жадынама таратылады. Сондай-ақ мердігер ұйымдардың көктемгі су тасқынына дайындығын тексеру басталады», – дейді қалалық ТЖБ аға офицері Валентин Литвиненко.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button