Абай облысының әкімі жұмыс сапарымен Көкпекті ауданына барды
Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Көкпекті ауданына жұмыс сапарымен барды. Өңір басшысы алдымен аудан тұрғындарымен мәдениет үйінде кездесті. Халықпен кездесу барысында тұрғындар өздерін қызықтырған сұрақтарын қоя алды, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Сондай-ақ, осы күні Нұрлан Ұранхаев Көкпекті ауданы ауылының №785 сайлау учаскесіне барып, жұмысымен танысты.
Айтып өту керек, Көкпекті ауданында 14 мыңнан астам адам тұрады. Аудан аумағы арқылы облыстық, сондай-ақ Республикалық маңызы бар “Омбы-Майқапшағай”автожолы өтеді. Жергілікті жолдар 28 елді мекенді байланыстырады. Халықты орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету 26 ауылдық округті құрайды, бұл 92,8%.
Өңір басшысы Көкпекті ауданында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелерді бейінді басқарманың басшысы Анзор Абаев түсіндірді.
Облыс басшысы Қойгелді Аухадиев атындағы ауылдық округке де барды.
Үкіліқыз ауылында ол “Өрнек” ЖШС сүт-тауар фермасының қызметімен танысты. Бұл серіктестік 1996 жылы құрылған. Мұнда өсімдік және мал шаруашылығымен айналысатын 250-ге жуық адам жұмыс істейді. ЖШС басшысының айтуынша, бір сиырдан жылына 3500 литр сүт сауылады. Жер учаскелерінің жалпы ауданы 35 мың гектардан асады.
Нұрлан Ұранхаев ауыл шаруашылығын дамыту ел экономикасын дамытудың маңызды аспектісі болып табылатынын атап өтті.
Преображенка ауылында орналасқан “Өрнек” балабақшасында болып, балалар қандай жағдайда тәрбиеленетінін білді.
Мектепке дейінгі мекеме ауылда 2014 жылдан бері жұмыс істейді. Бақша 60 орынға арналған – үш топ жұмыс істейді. Мұнда жоғары және орта арнаулы кәсіптік білімі бар мамандар жұмыс жасайды.
Сондай-ақ, өңір басшысы Преображенка орта мектебіне барды. Мұнда 1-11 сынып аралығында 204 оқушы білім алады. Мектепте екі жастан бес жасқа дейінгі балалар айналысатын мектепке дейінгі мекеме де жұмыс істейді. Сондай-ақ, мектепалды даярлық топтары бар.
Semeynews.kz