Шығыс Қазақстан облысында жеті “түнгі көбелек” есепке алынды, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
ШҚО ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, Шығыс Қазақстанда адам саудасы, бас бостандығынан заңсыз айыру, жезөкшелікке мәжбүрлеу, құлдықты ұйымдастыру сияқты құқық бұзушылықтардың алдын алуға және әшкерелеуге бағытталған “STOP-трафик” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.
Акция аясында ШҚО ПД ҰҚҚКБ қызметкерлері облыс бойынша 630-дан астам шаруа қожалығын заңсыз еңбек пайдалануды анықтау және бас бостандығынан айыру бойынша тексерді.
Жүргізілген жұмыс нәтижесінде полиция қызметкерлері қандай да бір еңбек шартын жасамай-ақ адамдарды жұмысқа жіберудің сегіз фактісін анықтады. Оның ішінде Тарбағатай ауданында 4, Зайсан ауданында екі және Ұлан ауданында екі жағдай тіркелген.
Сонымен қатар, құқықтық тәртіп сақшылары ҚР ӘҚБтК-нің 449-бабы 1-бөлігі бойынша қоғамдық орындарда тиіскені үшін тоғыз азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Өткізілген рейдтік іс-шаралардың нәтижелері бойынша құжаттарсыз “жеңіл жүрісті” жеті әйел ұсталды. Қазіргі уақытта тәртіп бұзушылар есепке алынды.
Semeynews.kz