ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев 25 қазанның Республика күні болып қайта оралуы күнтізбеге қандай өзгеріс әкелетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Енді 25 қазанда мерекелік шаралар көбірек өткізіледі. Ал 16 желтоқсан – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғаларын еске алатын күн болатын шығар. Алдағы уақытта сіздерге бұл айтулы күндер қалай өзгеретіні, мерекелеу тұжырымдамасы туралы ақпарат ұсынамыз деп ойлаймын», – деді министр Мәжіліс кулуарында.
Оның айтуына қарағанда Республика күні күнтізбеге қызыл дата болып енуі мүмкін.
«Біз тұжырымдама әзірлейміз. Бұл мәселе кімнің құзырында болатынын қараймыз, ұсынамыз. Егер заң қабылданса, Сенаттан өтіп, Президент қол қойса, бұл күні демалыс болады. Яғни, ұлттық мереке мәртебесін алады. Сондықтан демалатын күн болады. Биыл осының бәрін үлгеретін шығармыз», – деді Дәурен Абаев.
Semeynews.kz