ҚоғамСемейТОП

Семейде қоқыс шығарудың жаңа тарифтері бекітілді

Семей қаласы мәслихатының кезекті 25-ші сессиясында депутаттар тұрғындар үшін тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға, тасымалдауға, сұрыптауға және көмуге арналған тарифтерді бекітті, – деп хабарлайды Semeynews.kz.

Жайлы тұрғын үйлер үшін – айына 1 тұрғынға 420 теңге, жайлы емес тұрғын үй үшін- 1 тұрғынға 553,22 теңге мөлшерінде төлейді.

Сондай-ақ, мәслихат депутаттары жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы ақпаратты назарға алды.

Ағымдағы жылдың 5 айында Семей қаласында 64 жол-көлік оқиғасы тіркелді, онда 90 адам жарақат алды, 4 адам қайтыс болды.

Жыл басынан бері кәмелетке толмағандардың қатысуымен 14 жол-көлік оқиғасы орын алған, кәмелетке толмағандар арасында қаза тапқандар жоқ.

Жалпы, жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 16 145 адам жауапқа тартылды, оның ішінде көлік құралын алкогольдік, есірткілік мас күйінде басқарғаны үшін 168 адам, телефонды пайдаланғаны үшін- 987 адам, жаяу жүргіншілер мен жол қозғалысының өзге де қатысушыларының жол жүру ережелерін бұзғаны үшін- 2963 адам жауапкершілікке тартылды.

Семей қаласы полиция басқармасының жедел басқару орталығы бейнебақылау камералары бойынша 4 791 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, оның ішінде жол қозғалысы желісі бойынша 4 071 құқық бұзушылық тіркелді.

Ескі көпірде салмағы 2 тоннадан асатын көлік құралдарының қозғалысын шектеу белгісі орнатылған. Көпірде жиыны 5 жол-көлік оқиғасы тіркелген.

Жол белгілерінің талаптарын бұзғаны үшін 67 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Жол-көлік оқиғаларының санын азайту үшін бағдаршамдарды ауыстыру, жасанды жол кедергілерін орнату, әсіресе мектептердің жанында, жерүсті жаяу жүргіншілер өткелдерін салу, жүріс бөлігін кеңейту, жол белгілерінің санын ұлғайту қажет.

Мәслихат сессиясында депутаттар Семейдегі жұмыссыздық деңгейін төмендету бойынша жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің есебін тыңдап, бөлімге қаланың жоғары оқу орындары мен колледждерімен бірлесіп, жастарды қолдау, сондай-ақ түлектер мен жас мамандарды жұмысқа орналастыру жөніндегі мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы туралы ақпараттандыру мәселесінде жұмысты күшейтуді ұсынды. Сондай-ақ, бұқаралық-ақпарат құралдары мен  әлеуметтік желілерде жас мамандарды даярлау және қайта даярлау бойынша қаржыландырылатын жобалар туралы ақпаратты жандандыру қажет.

Мәслихат депутаттары Семей қаласындағы жасыл желектерді күтіп ұстау және қорғау туралы ақпаратты тыңдап, қала әкімі Бақытжан Байахметовқа ұсынды:

  1. Жасыл желектер тізілімін әзірлеу және бекіту бойынша жұмыс жүргізу;
  2. Семей қаласының дендрологиялық жоспарын әзірлеу;
  3. Жасыл екпелердің стационарлық суару жүйесін әзірлеу және енгізу;
  4. Семей қаласының абаттандыру және көгалдандыру объектілерін бірыңғай басқару органын айқындау;
  5. Семей қаласының жасыл желектерін күтіп ұстау және қорғау бойынша қаланы қызмет көрсету аймақтары бойынша бөлу көзделсін.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button