Абай облысыСемейТОП

Семей қаласының тумасы Нұрлан Тельманұлы Уранхаев Абай облысының әкімі болып тағайындалды

Қалалық, аудандық және облыстық мәслихат депутаттарының ашық дауыс беруімен Абай облысының әкімі болып Ұранхаев Нұрлан Тельманұлы тағайындалды, деп хабарлайды Semeynews.kz.

Ол 89 дауыс жинады, ал оның қарсыласы Асхат Смайылов 25 дауысқа ие болды. Дауыс беруге барлығы 114 депутат қатысты.

Нұрлан Уранхаев-1965 жылы 4 мамыр күні Семей қаласында дүниеге келген.

Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының, Қазақ қаржы-экономикалық институты және Қазақ мемлекеттік техникалық университетінің”инженер-механик”, “экономист-менеджер”, “инженер-құрылысшы” мамандықтары бойынша жоғары білім алған. Біліктілігі мен еңбек өтілі Нұрлан Уранхаевтың сауатты басшы екенін аңғартады. Абай облысының жаңа әкімі өзге өңірлерде де үлкен мәртебеге ие. Осыған дейін, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, Премьер-министр кеңсесінде және Президент әкімшілігінде қызмет атқарған.
Сондай-ақ, “Елімай” футбол командасының іргетасын қалап, спортклуб басқарма төрағасының орынбасары болған. Жаңа лауазымға тағайындалған Нұрлан Тельманұлы облыстың урбанизациясымен айналысуды жоспарлап отыр. Семейліктер облыстың жаңа әкіміне үлкен үміт артады. Қаланың сәулеттік келбеті бірнеше рет сынға ұшыраған еді. Ал Нұрлан Тельманұлының құрылыс пен сәулет саласында мол тәжірибесі бар. Өңір тұрғындары қазақстандық футболдың Отаны – Семейде аты аңызға айналған “Елімай”командасы қайта жанданады деп үміттенеді. Команда 1994, 1995, 1998 жылдары үш рет чемпион атанғаны халықтың есінде. Ал, 1995 жылы Қазақстан кубогының иегері де атанды. “Елімай” – Азия чемпиондар лигасына қатысқан алғашқы команда. Семейдің байырғы тұрғындары Семейде Киров аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып жұмыс істеген Нұрлан Тельманұлының әкесі Тельман Оразғалиұлы Уранхаевты еске алады. Қаланың орталық бөлігіндегі көше оның есімімен аталған.

Нұрлан Уранхаевтың еңбек жолы 1987 жылы басталды. Сол кезде ол слесарь-монтаждаушы, кейін Семейдегі “Казпромтехмонтаж” тресінің шебері және прорабы болып жұмыс істеді.
1995 жылдан 1997 жылға дейін Семей қаласында “Сары-Арқа” АҚ сенімді басқарушысы болды.
2001 жылдан 2003 жылға дейін Иркутск облысы, “Казиркутсклес” ЖТАҚ бас директоры қызметін атқарды.
2003 жылдан 2005 жылға дейін Шығыс Қазақстан облысының энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс және көлік басқармасының бастығы болды.
2005 жылдан 2006 жылға дейін Шығыс Қазақстан облысының күрделі құрылыс басқармасының бастығы қызметін атқарды.
2006 жылы Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болды. Бұл қызметте 2007 жылға дейін болды.
2007 жылы Астана қаласы, ҚР ТЖМ Мемлекеттік материалдық резервтер комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды.
2008 жылы елордада ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болды.
2009 жылдан 2010 жылға дейін Семейдегі “Ертіс” ӘКК басқарма төрағасының орынбасары болды.
2010 жылдан 2013 жылға дейін Қызылорда облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарып, 2013 жылдан 2014 жылға дейін Семей гуманитарлық инновациялық заң университеті президентінің кеңесшісі болды.
2014 жылы ҚР тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігі төрағасының орынбасары қызметін атқарса, ал 2015 жылдан 2017 жылға дейін Астана қаласында Ұлттық экономика министрлігі ҚазҚСҒЗИ АҚ Бас директоры болды.
2017 жылдан 2018 жылға дейін – Алматы қаласы Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы, ал 2018 жылы ҚР Ұлттық экономика министрлігі Құрылыс және ТКШ істері комитеті ҚазҚСҒЗИ АҚ Бас директорының кеңесшісі болып тағайындалды.
2019 жылдың мамыр айынан бастап Нұр-Сұлтан қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы қызметін атқарды.

“Парасат” және “Құрмет”ордендерімен марапатталған.

Семей тұрғындары бірнеше мәрте басшының шет аймақтан емес, осы өңірде туып, елін, жерін көркейтер азаматтың тағайындалған күтіп еді. Семейліктердің өтініштері ескеріліп отыр. Бүгінгі тағайындау- естуші мемлекеттің айқын көрінісі.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button