СемейТОП

Күні кеше Абай облысы мәслихатының алғашқы сессиясы өтіп, мәслихат хатшысы тағайындалған еді

Ал, бүгін Абай облысында Журналистер Одағының филиалы құрылды. Оның төрағасы болып “Қазақстан” РТРК” АҚ Семей қалалық филиалының директоры Молдабаев Хасен Советханұлы бекітілді

Жиынға қатысушылар кандидатураны бір ауыздан қолдап, тілектерін білдірді.
– Бүгін үлкен жаңалықтың куәсі болып, қуанып отырмыз. Семей облысы тарап кеткеннен кейін, Журналистер Одағы Шығыс Қазақстан облысына қарап келді. Абай облысы құрылуымен қатар, Журналистер Одағының филиалы ашылды. Бұл өте қуантарлық жағдай. Халықпен үнемі етене жақын жүретін, түйткілді мәселелерді көтеретін ол- журналистер. Енді одақ құрылып, облыстағы барша журналистер бір жерге жиналып, әр түрлі мәселелерді талқылайды деген сенімдемін. Ұйымның жетекшілігіне Хасен Советханұлы тағайындалды. Ол қалалық телевиденияны басқарып отырған білікті басшы, белсенді азамат. Одақтың жұмысына сәттілік тілеп, маңызды шешімдердің қабылданатынына сенімім мол,-дейді ардагер- журналист, Семей қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Алин.

Молдабаев Хасен Советханұлы Шығыс Қазақстан облысының Семей қаласында дүниеге келген. Өзінің еңбек жолын 2003 жылы жергілікті телеарнада жүргізуші-редактор қызметінен бастаған. 2009 жылы жаңа 7 арнаның арнайы тілшісі ретінде жұмыс істеді. Сондай-ақ, әр жылдары мемлекеттік қызметте, квазимемлекеттік секторда бұқарамен байланыс маманы және баспасөз қызметінің жетекішісі, 24.kz телеарнасындағы бірқатар бағдарламалардың жүргізуші-редакторы болып еңбек етті.
2018 жылдың 21 қарашасында «Қазақстан» РТРК» АҚ Семей қаласындағы филиалының директоры болып тағайындалды.
– Республикалық мәдени-спорттық шаралар болса, Шығыс Қазақстан облысы Журналистер Одағының журналистері жиналып, Семейдің журналистері тасада қалып қоятын. Оған жанымыз ашығаны рас. Енді Абай облысы құрылғаннан кейін, Журналистер Одақтың құрылуы жақсы жаңалық. Мұрат Сейсенұлымен сөйлескенде, ұйымға басқа да адамдарды ұсынуын сұраған едім. Алайда, ҚР Журналистер Одағының мүшелері бір ауыздан қолдап, маған сенім артып отыр. Көптің көкейінде ұйымның мақсаты қандай деген сұрақ туындайды. Оның мақсаты- қалыптасу, даму және өркендеуі. Ең алдымен, мүшелерді толықтырып, ресми және бейресми шараларға қатысуымыз керек ,-деді Абай облысының Журналистер Одағы филиалының төрағасы Хасен Молдабаев.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button