Covid-19ШҚОДенсаулық сақтауҚоғамТОПШҚО

ШҚО-ға «Спутник-Лайт» вакцинасының алғашқы партиясы жеткізілді

Қазіргі уақытта ресейлік препарат облыстағы медициналық ұйымдарға таратылуда. Жақын арада вакцина барлық емханаларда қолжетімді болады, деп хабарлайды Semeynews.kz.

Еске салайық, «Спутник-Лайт» вакцинасы короновирусқа қарсы вакцинацияның толық курсы аяқталғаннан кейін қайта вакцинациялауға арналған. Ревакцинация вакцинацияның толық курсы өткеннен кейін алты айдан кейін жүргізіледі. «Спутник-Лайт» вакцинасының құрамы «Спутник V» вакцинасының алғашқы компонентімен бірдей. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша, өңірге ревакцинация препаратының 21 мың дозасы әкелінді.

Уақыт өте келе адам ағзасында инфекцияға қарсы қорғаныс әлсізденеді, осыған байланысты дәрігерлер қайта вакцинациялануға шақыруда. Сонымен қатар өңірдегі эпидемиологиялық жағдай нашар. Өткен тәулікте, 23 қаңтарда Шығыс Қазақстанда короновируспен ауырудың 290 жағдайы тіркелді.

  • Қызыл аймаққа науқастардың артуына байланысты эпидемиологиялық жағдайдың өршіп тұрғанын байқаймыз, – дейді Амбулаторлы орталықтың жалпы тәжірибе дәрігері Іңкәр Мантаева. – 17 қаңтарға дейін бізге 15 – 20 адам симптомдармен хабарласатын. Ал қазір күніне 80 адам жүгінеді. Мобильді бригадаларды шақыртулар жиіледі. Сондықтан ағзадағы антиденелер деңгейінің төмендеп кетпеуі үшін тұрғындарды ревакцинациялануға шақырамын.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, Шығыс Қазақстанда ревакцинациядан 154 мыңнан астам адам өткен. Жасөспірімдерді, жүкті әйелдерді және бала емізетін әйелдерді вакцинациялау жалғасуда. Осы санатқа жататын 170 мыңнан астам Comirnaty Pfizer вакцинасын алды. Сонымен қатар аталған препарат 60 жастан асқан адамдарға қол жетімді.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button