ШҚОҚоғамМәдениетТОПШҚО

Өскеменде «Балалар – кітап әлемінде» атты көрме ашылды

Өскемендегі ШҚО Балалар және жасөспірімдер кітапханасында «Балалар – кітап әлемінде» атты көрме ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялағандықтан ШҚО Балалар және жасөспірімдер кітапханасы жылды тың өзгерістермен, жаңа жобалармен бастап жатыр. Осы орайда бүгін «Балалар – кітап әлемінде» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Көрмеге балаларға арналған классик жазушылардың туындылары, халық ауыз әдебиетінің озық үлгілері, балалар энциклопедиясы және бүлдіршіндерге арналған ертегі кітаптар қойылды. Сондай-ақ қызықты оқиғаларды баяндайтын әр түрлі бағыттағы кітаптардан тұратын «Әдеби сандық» өз оқырмандарына ерекше көңіл-күй сыйлады. Оқушылар осы көрмені жыл көлемінде тамашалап, өздерін қызықтырған кітаптарын алып оқи алады.

«Кітапханамыздың кішкентай оқырмандары үшін өздері суретін салған, «Книжки-малышки» сериясымен шыққан кітапшалар ерекше орын алады. Бұл біздің болашақ суретшілеріміз бен жазушыларымыздың алғашқы туындыларының бірі десек те болады. Бұдан бөлек жазушы, журналист Марат Қабанбаевтың «Жиһанкез Тити» әңгімесін оқырмандардың сұранысы бойынша балалар жазушысы, ұстаз Бану Ахметбекова орыс тіліне аударды. Бұл кітапша «ВКПК АРГО» баспасынан басылып шығып, өз оқырмандарына жол тартты», – деді кітапхана қызметкері Талант Мейрамбаев.

Кітап көрмесінің ашылуында Қазақстан Жазушылар одағының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы, жазушы Әлібек Қаңтарбаев жас оқырмандарды атаулы жылмен құттықтап, жүрекжарды тілегін жолдады.

«Адам баласының ең жақыны да, ең жақсы көретіні де – бала. Тіпті өмірдің сәні мен мәні де осы балада. Қазақта «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар», «Бала – адамның бауыр еті» дегендей мақал-мәтелдер өте көп. Адам болып дүниеге келген соң, мейлі еркек, мейлі әйел болсын, меніңше бір ғана мұратпен өмір сүретін шығар, ол – өмірге ұрпақ әкелу, артыңа ұрпақ қалдыру. Ұрпақсыз өмір тұл. Жалпы, Президентіміздің биылғы жылды «Балалар жылы» деп атауы тегіннен тегін емес. Халқымыз «Ел болам десең, бесігіңді түзе» дейді. Бесік деген – мемлекет. Соның саясаты. Соның идеологиясы. Сондықтан балаға бір жылды ғана арнап, шаруаны бітіріп тастадық деп шіренуге болмас. Бұл тақырып – Президенттің де, Парламенттің де, әрбір ата-ананың да күн тәртібінде мәңгілік тұруы шарт, – деді қаламгер.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button