ҚазақстанҚоғамҚылмысТОП

Алматыда лаңкестер 1347 қару ұрлады – Қанат Таймерденов

Алматыда лаңкестер 1347 қару ұрлады, сонымен қатар мәйітханаларға 7 шабуыл жасалып, 41 адамның денесі ұрланған. Бұл туралы Алматы қалалық Полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов мәлім етті, деп хабарлайды Semeynews.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтардың өмірі мен мүлкін қорғау мақсатында арнайы жедел жоспар енгіздім. Дабыл бойынша гарнизонның барлық жеке құрамы көтерілді. Қала көшелерінде, саябақтарда, алаңдарда қосымша полиция жасақтары мен Ұлттық ұланның әскери қызметкерлері қойылды. Стратегиялық нысандар мен тіршілікті қамтамасыз ету, нысандарды қорғау күшейтілді. Осы уақытта лаңкестер бір мезгілде қаланың әр жерінде патрульдік жасақтарға шабуылдай бастады», – деді Қанат Таймерденов Орталық коммуникациялар қызметіндегі онлайн брифингіде.

Осы орайда ұрланған қарудың санын жарияланды.

«Лаңкестердің басқа топтары бір уақытта қару-жарақ дүкендерін басып алды. Олар сол жерден қару-жарақ пен оқ-дәріні иемденді. Барлығы бүгінгі таңда 1347 қару ұрланған. Оның ішінде 501 мылтық, 807-сі тегіс ұңғылы және 39 газ-травматикалық қару. Осының барлығы нақты ұйымдастырылған. Олардың іс-әрекеті топ жетекшілерімен үйлестірілді», – деді департамент басшысы.

Сонымен қатар, қалалық полиция департаменті басшысының айтуынша, сол күндері мәйітханаға 7 шабуыл жасалып, соның барысында белгісіз біреулер қаза болған 41 адамның денесін ұрлап кеткен. Шабуылдарды кәсіби дайындықтан өткен, қару-жарақ пен ұрыс әдістерін жетік меңгерген адамдар жасаған. Олар қаза болғандар мен жараланғандарды қалдырмай, өздерімен бірге алып кетті.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button