ҚоғамСемейТОП

Семейдегі университетте лаңкестермен атыс кезінде қаза тапқан ҚР ҰҚК ШҚ офицері Жандос Жағалбаевқа арналған кабинет ашылады

Семейдегі Әлихан Бөкейхан университетінде Алматы қаласында экстремистермен атыс кезінде қаза тапқан ҚР ҰҚК ШҚ офицері Жандос Жағалбаевқа арналған кабинет ашылады, деп хабарлайды Semeynews.kz.

Марқұмның туыстарының және достарының айтуларынша, Жандос кішкентайынан шекарашы болуды армандаған. Мектеп кезінде шекарашылардың заставаларына барып, әскери-патриоттық ойындарға үнемі қатысқан. Жоғарғы оқу орнында білім алу жылдарында әскери кафедрада үздік білім көрсеткен. Өте тәрбиелі, мәдениетті, ақылды және адал студент болған.

  • Жандос біз үшін ең үздік студенттердің бірі болып қала береді, білімді отбасынан шыққан, тәрбиелі. «Заіды консулдық жұмыс» мамандығы бойынша әскери кафедраның алғашқы түлегі. Алматы қаласындағы дүрбелеңде ол қызметте болып, өзі қызмет жасайтын ведомства экстремистер шабуыл жасағанда өз өмірін оққа тігіп қорғады.  Оның аты және ерлігі біздің университеттің әскери кафедрасындағы студенттерге және қаламыздағы жастарға патриоттық тәрбие беруде үлгі болады. Оның есімі мәңгілік біздің есімізде сақталады. Университет әкімшілігімен әскери кафедра базасында  халқымыздың батыр ұлы – Жағалбаев Жандос Мұхтарұлына арналған кабинет ашу туралы шешім қабылданды, – деді әскери кафедра бастығының тәрбие және әлеуметтік-құқық жұмыстары жөніндегі орынбасары, отставкадағы майор Айдар Манасов.

Жандос Жағалбаев, 1994 жылы 1 шілдеде ШҚО Үржар ауданы Бестерек ауылында дүниеге келген. Хасенов атындағы орта мектепті тәмәмдаған. 2012 – 2016 жылдары ҚазИГЗУ (қазіргі Әлихан Бөкейхан университеті) білім алған. 2015 жылы әскери кафедраны аяқтаған. Жоғарғы оқу орнын аяқтап «запастағы лейтенант» әскери атағын алған. 2016-2017 жылдары Үржар ауылында мемлекеттік кіріс органдарында мемлекеттік қызметте болған. Содан кейін ҚР ҰҚК ШҚ Академиясына қызметке қабылданды. 2018 жылы «аға лейтенант», 2021 жылы – «капитан» әскери атағын алды. 2021 жылы отбасын құрған.  Жас отбасы тұңғыштарын күтіп жүрген.

Жандос Жағалбаев қайтыс болғаннан кейін ҚР Президентінің 2022 жылғы 9 қаңтардағы № 978 Жарлығымен  «Әскери және қызметтік борышын орындау кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін, сондай-ақ мемлекет мүдделерін қорғау кезінде жасаған ерлігі үшін» ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button