СемейТОП

Семейде АӘК төлемдері бойынша жиналған қарыз алдағы екі аптада өтеледі

Семей қаласында өткен жылы 2835 отбасы немесе 12880 адам атаулы әлеуметтік көмек алды

Осы жылдың басында аталған тізімге тағы 300-ге жуық отбасы қосылады. АӘК құжаттарды қабылдау мерзімі 31 қаңтарға дейін жүзеге асырылады. Төлемдер 10 ақпанға дейін жүргізіледі.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша, 43 отбасы алдында төлемдер бойынша мемлекеттің қарызы бар. Бұл желтоқсан айында тиісті құжаттарды кеш тапсырған отбасылар. Сонымен қатар, арнайы комиссия берілген құжаттарды 10 күн ішінде қарайды. Аталмыш отбасыларына бұл қарыз алдағы екі апта ішінде өтелетін болады. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Байахметовтың төрағалығымен өткен арнайы жиында белгілі болды. Осы мәселелер бойынша қала тұрғындары өтініштерін әкімнің жеке парақшасына да жазған болатын.

«2 миллион 200 мың теңге сомасындағы бұл қарыз 2 апта ішінде өтелуге тиіс. Әлеуметтік төлемдер бойынша көп кідірістер болмауы керек. Атаулы әлеуметтік көмек алуға үміттеніп отырған  тұрғындармен заңгерлік көмек, кеңес беру, түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет», – деп тапсырды Семей қаласының әкімі Бақытжан Байахметов Семей қаласының жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөліміне.

Бұрынғы АӘК алушылар үшін барлық құжаттарды қайта тапсырудың қажеті жоқ. Тек алимент бойынша табыстар мен төлемдер туралы анықтаманы жаңарту ғана талап етіледі.

АӘК мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты. Ол инфляция коэффициентіне сүйене отырып есептеледі. Бүгінде Қазақстанда ол 36 018 теңгені құрайды.

Атаулы әлеуметтік көмек алушыларға мемлекеттен басқа да қолдау көрсетіледі.

1 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың әрқайсысына шамамен 9 мың теңге мөлшерінде азық-түлік жиынтықтары мен гигиеналық құралдар ай сайын үйлеріне жеткізіледі. Сондай-ақ, жаппай оқыту желісі бойынша оларды балабақшаларға, жазғы лагерьлерге тегін қабылдап, мектеп формасы және аяқ киіммен, кеңсе тауарларымен тегін қамтамасыз етеді. Осыған қоса, аталмыш балаларға мектеп асханаларында тегін тамақтану, үйірмелер мен спорт секцияларына тегін бару және қоғамдық көлікте тегін жол жүру қарастырылған.

Жалпы алғанда, Семей қаласы бойынша атаулы әлеуметтік көмек алатын 3 686 бала бар.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button