
Бұл туралы толығырақ Семей қаласының аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте № 3 емхананың бас дәрігері Найля Әлменева айтып өтті.
- Бүгіннен бастап қаланың барлық медициналық мекемелерінде медицина қызметкерлерін ревакцинациялау басталды. Ол бір кезеңнен тұрады. Егер адам «Спутник V» көпвекторлы вакцинасын алған болса, онда ревакцинация белсенді емес вакцинамен, мысалға алғанда «QazVac» вакцинасымен жүргізіледі. Ревакцинация вакцина алғаннан кейін алты айдан соң рұқсат етіледі. Бізде барлық вакцина алғандар туралы мәліметтер бар, оларды біз ревакцинацияға шақыратын боламыз, – деді Найля Әлменева.
Қалада жасөспірімдерді, жүкті және бала емізетін әйелдерді Pfizer вакцинасымен иммундау жалғасуда.
- Жасөспірімдерді, жүкті және емізетін әйелдерді вакцинациялау өте маңызды, өйткені осы санаттағы тұлғалар өте осал. Олардың арасында науқастану және өлім-жітім көп орын алуда. Бүгінгі күні біздің емхана бойынша науқастанғандардың саны 793, індеттен қайтыс болғандардың саны – 18. Қазір стационарда 4 адам, бес айлық бала жатыр. Амбулаториялық емделуде 22 адам, олардың төртеуі бала. Сондықтан халықтың осы санатын вакцинациялау өте маңызды. Иммундау Pfizer вакцинасы арқылы жүргізіледі. Бүгінгі күні ең үздік вакциналардың бірі, ол -60 градустағы арнайы температуралық режимде жеткізіледі, – деді бас дәрігер.
Pfizer вакцинасын алдағы жылдан бастап ересектер ақылы түрде ала алады.
- Бізде Pfizer вакцинасын ақылы түрде егуге рұқсат беретін құжат бар. Әзірше қала бойынша ақылы вакциналар жоқ. Шамамен вакцина 9 мың теңге тұратын болады. Вакцинаның неліктен осынша тұратынын әзірге ешкім білмейді, шығыстарына және тағы басқаларына байланысты болуы мүмкін. Вакцинаны жаңа жылдан кейін күтеміз, – деп қорытындылады Найля Әлменева.
Semeynews.kz