
Бесқарағай ауданының автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 819 шақырымды құрайды, оның:
- Республикалық маңызы бар автомобиль жолы -146 км.
- Облыстық маңызы бар автомобиль жолы -184 км.
- Аудандық маңызы бар автомобиль жолы – 239 км.
- Ауылішілік жолдар – 250 км.
Аудандық маңызы бар автомобиль жолы учаскелерінің ұзындығы 239 шақырым, оның 87,5 шақырымы қатты жабынмен, 88,5 шақырымы қиыршық таспен жабылған, 63 шақырым жолдың жабыны жоқ.
- Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында бүгінгі күні аудандық маңызы бар 9 автомобиль жолының сметалық-құжаттамалары автомобиль жолдары комитетінде ведомствалық сараптамадан өтуде. Сараптама қорытындысынан кейін 2022 жылы жоспар бойынша 32 шақырым қиыршық тас жолдарына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізіп, 2023-2025 жылдар аралығында қатты жабынды жолдарға ауыстыру, 63 шақырым жабынсыз жолдарға ағымды жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қиыршық тас жабынды жолдар санатына өткізу жоспарлануда. Осы жоспарларды орындаған жағдайда аудан жолдары 2025 жылы 100 пайыз қанағаттанарлық және жақсы жағдайдағы жолдар санатына ауысатын болады, – деді Жарқынбек Байсабыров.
Ауданның ауылішілік жолдарының ұзындығы 250 шақырымды құрайды.
Ағымдағы жылы “Ауыл – Ел Бесігі” бағдарламасы бойынша Бесқарағай ауылында ұзындығы 4,4 шақырымды 6 көшесіне орташа жөндеуге қаражат бөлінді. Бесқарағай ауылындағы алты көшенің, Глуховка ауылындаға төрт көшенің жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, аяқталды.
Аудан әкімінің айтуынша, бүгінгі таңда автомобиль көлігінің кедергісіз қозғалысы үшін барлық бағыттардағы жолдар қанағаттанарлық жағдайда. 2021-2022 жылдардағы қысқы кезеңде күтіп ұстауға арналған келісімшарттар жасалған.
- Көшелерді орташа жөндеуге жергілікті бюджеттен 22,4 млн. теңге бөлініп, мердігер ұйым «Милена» ЖК аудан орталығындағы 2 көше орташа жөндеуден өтті, 1 көшеге 1,4 млн теңге сомада қиыршық тас төселді. Көшелерді жарықтандыру мақсатында Бесқарағай ауылындағы 4 көшеге, яғни 131 шам, Бірлік ауылының 3 көшесіне жарықтандыру орнатылды. Бүгінгі күні Глуховка ауылының 10 көшесіне жарықтандыру шамдарын орнату жұмыстары жүргізілуде, жұмыс осы қараша айының аяғында аяқталады, – деп мәлімдеді аудан әкімі.
Бесқарағай ауылының абаттандырылуына ерекше назар аударылып, жұмыстар жоспарлы түрде қолға алынуда. Атап айтсақ, Бесқарағай ауылына кіре берістегі «Арка» сырланып, қайтадан жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Аудан басшысының хабарлауынша, “Батырлар аллеясы” саябағын абаттандыру жүзеге асырылып, орталық алаңда елімізді, жерімізді қорғап, ерлік көрсеткен ардагерлерімізге, яғни Ұлы Отан соғысына қатысқан үш Кеңес Одағының батырына, үш Социалистік еңбек еріне, ауған соғысының ардагерлеріне арналып бюсттер қойылып, белгісіз солдаттың және ауған соғысына қатысқан және соғыстан қайтпаған солдаттарға арналып қара гранитке аттары жазылған монументтер орнатылды. Бұл аудан тұрғындарын және жастардың патриоттық сезімде тәрбиелеуге бағытталып үлкен нысан болмақ.
- Аудан бойынша жазғы уақытта абаттандыру жүргізіліп, «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының жұмысы ұйымдастырылды. Оған жергілікті бюджеттен 2 млн. 550 мың теңге сомасында қаражат бөлінді. Бірінші және екінші еңбек маусымдарында барлық ауылдық округтерде 60 жас сарбаз жұмысқа тартылды. «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы қоғамдық орындарды және көшелерді шөптен тазалау, саябақтарды қоқыстан тазарту, күн сайын суару, көгалдандыру, стадион мен саябақтарды ақтау және сырлау жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, «Бесқарағай ауданының інжу-маржанын сақтайық», «Таза әлем», «Бір өзен, бір тағдыр» және тағы да басқа 17 экологиялық акция өткізілді, – деп қорытындылады Жарқынбек Байсабыров.
Semeynews.kz