ШҚОҚоғамТОПШҚО

ШҚО-да дүкендерде сатылатын ойыншықтар құрамынан қауіпті заттар табылды

Шығыс Қазақстан облысында дүкендерде сатылатын ойыншықтар құрамынан қауіпті заттар табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, осы жылдың он айында 3419 өнім сынамасына, оның ішінде 2100 азық-түлік және 1319 өзге тауарға тексеру жүргізілді.

Бұл өнімдердің 20,7%-ы ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерден, 53%-ы алыс және жақын шетелдерден әкелінсе, 26,3%-ын отандық өндірушілер жасаған. Өнім сынамаларының 23,6%-ы Кеден одағының техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкес келмейтіндігі анықталды.

«Балалар ойыншықтарын зерттеу нәтижелері бойынша 7 сынамада таңбалаудың бұзылуы және фенол, формальдегид сынды қауіпті заттардың бір жарым-екі есе артық болуы тіркелді. Бұл балалардың улану қаупін тудыруы мүмкін. Оның ішінде Қытайда шығарылған ойыншық көлік пен қуыршақ, Өзбекстанда жасалған ойыншық ыдыс-аяқтар бар. «Барби» қуыршағының шеттері өткір болғандықтан бүлдіршіндердің ойын кезінде жарақаттану қаупі жоғары», – делінген ақпаратта.

Жалпы тексерулер қорытындысына сәйкес, жеткізушілерге, импорттаушылар мен өндірушілерге қатысты 223 ұйғарым шығарылып, 2 377 355 теңге мөлшерінде айыппұл салынды. 166 келіден астам қауіпті өнім айналымнан шығарылды.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button