ШҚОҚоғамТОПШҚО

ШҚО-да Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовты еске алу шарасы өтті

Шығыс Қазақстан облысында Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовты еске алу шарасы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2011 жылдың 12 қарашасында Тараз қаласында террорлық шабуыл жасалған. Сол кезде 7 адам, оның ішінде құқық қорғау органдарының 5 қызметкері қаза тапты. Бір сағат ішінде қару-жарақ асынған радикал Мақсат Кәрімов қала көшелерінде жүріп, жолыққан әрбір полицейге оқ атқан.

Осы уақытта оқиға орнына Жамбыл облысы ІІД Жол полициясы жеке батальонының 1-ші взводының командирі Ғазиз Байтасов жеткен. Көліктен жүгіріп шыққан ол қаскөйге қарсы оқ ата бастады. Осы уақытта қарсылас кейін шегініп, Ғазиздің кеудесіне оқ атқан. Қауіптің жақындағанын түсінген полицей, радикалда граната барын біліп, ауыр жарақатына қарамастан оны жерге құлатады. Қылмыскерді қолымен қысып ұстап, жарылған гранатаны денесімен қалқалаған.

«Бүгін жас полицейлерге 10 жыл бұрын қаза тапқан Ғазиз Байтасовты еске алуға арналған ерлік сабағы өтті. Батырдың ерлігі Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің әрбір қызметкерінің жүрегінде мәңгі сақталады. Себебі ол патриотизмнің шынайы үлгісі», – деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.

Сондай-ақ ШҚО бойынша ҚАЖД қызметкерлері Ғазиз Байтасовты еске алып, бір минуттық үнсіздік жариялады.

«Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасов қызметтік бабында жүріп, қырық жасында өмірімен қоштасты. Құқық қорғау органында қаншама қызметкер қабылдаған антын орындау барысында, азаматтарды құтқару жолында және бейбітшілік пен тыныштық үшін өз өмірлерін құрбан еткен. Олардың әрқайсысы бүгінгі ұрпақ жүрегінде», – деді департамент бастығының орынбасары Ғалымжан Балтабаев.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button