ШҚОҚоғамТОПШҚО

Президент тапсырмасы: ШҚО-да өзендерді ластаған компания жауапкершілікке тартылды

Шығыс Қазақстан облысындағы өзендердің ластануына байланысты «Визол» ЖШС жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасын орындау аясында Шығыс Қазақстан облысы бойынша Экология департаменті уәкілетті органмен және ғылыми ұйымдармен бірлесіп, 28-30 қыркүйек аралығында Күршім ауданындағы Күршім және Қыстау-Күршім өзендерінің ластану фактісі бойынша «Визол» Геологиялық барлау компаниясы» ЖШС-на қатысты жоспардан тыс экологиялық тексеру жүргізді.

«Тексеру барысында кәсіпорынды жауапкершілікке тартуға негіз болатындай Қазақстан қолданыстағы Экологиялық кодексінің нормаларына сәйкес келмейтін бірқатар олқылық анықталды. Осылайша, технологиялық су жинақтағыштардың тоғанынан судың жер бедеріне асып кетуі және Қыстау-Күршім өзеніне құятын тұндырғыштан су ағызу фактілері анықталды. Нәтижесінде, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің (ары қарай – ӘҚБтК) 328-бабының 1-бөлігі бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. Айыппұл мөлшері өз еркімен су ағызудың көлемі нақтыланғаннан кейін айқындалады», делінген хабарламада.

Ведомствоның мәлімдеуінше, бұдан басқа, тау-кен жұмыстарының жоспарына сәйкес кен орнын игергеннен кейін табиғи объектілерді техникалық және биологиялық рекультивация көмегімен негізгі күйіне келтіру керек.

«Яғни, табиғи ландшафтты, ағаш өсімдіктерін және жануарлар әлемінің тіршілік ортасын қалпына келтіру қажет. «Визол» ГБК» ЖШС шаруашылық қызмет нәтижесінде балық ресурстарына келетін залалға қатысты уақытылы зерттеулер жүргізбегені, биологиялық негіздеме әзірлемегені белгілі болды. Сонымен қатар, тау-кен жұмыстары тұрғысынан қалдықтарды басқару жүйесі сақталмаған. Осы бұзушылықтар үшін кәсіпорынға қатысты ӘҚБтК-нің 332-бабының 2-бөлігі және 344-бабының 3-бөлігі бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалды. Бұл баптар бойынша салынған айыппұл көлемі 200 мың теңгеден асады», делінген хабарламада.

Сонымен қатар, анықталған бұзушылықтарды жою мақсатында жоғарыда аталған тау-кен компаниясына қоршаған ортаға теріс әсердің алдын алу және азайту жөніндегі тиімді іс-шараларды іске асыру, табиғи орта компоненттеріне зерттеу жүргізу, биологиялық негіздеме әзірлеу және балық қорына келтірілген зиян үшін өтемақы жүргізу қажеттігі туралы нұсқама берілді.

Ведомствоның мәлімдеуінше, орындалған жұмыстардың нәтижесі қосымша хабарланады.

Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылғы қыркүйек айының ортасында Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданындағы Күршім және Қыстау өзендері арналарының қауіпті химиялық заттармен ластанғаны жөнінде ақпарат әлеуметтік желіде қоғамдық резонанс тудырып, Президент шұғыл шаралар қабылдау туралы тиісті тапсырма берген болатын.

«Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігіне аталған проблеманы егжей-тегжейлі тексеріп, кінәлілерді жауапкершілікке тарту туралы тапсырма берді», – деп жазды ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли желідегі парақшасында.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button