ШҚОҚоғамТОПШҚО

ШҚО-да Словакия Республикасының құрметті консулдығы ашылды

Өскеменде Словакия Республикасының консулдығының ресми ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Semeynews.kz.

Бұл екі елдің экономикалық, мәдени, туристік, ғылыми салалардағы ынтымақтастығын арттыруға мүмкіндік береді.

Дипломатиялық қатынастар Қазақстан мен Словакияны 25 жылдан астам уақыттан бері байланыстырып келеді. Осы жылдар ішінде елдер арасында саясат, экономика, мәдениет және басқа да гуманитарлық салаларда тығыз өзара қарым-қатынас орнатылды. Консулдықтың ашылуы ынтымақтастық пен серіктестікті жан-жақты нығайтуға бағытталған қадамдардың бірі болды.

Салтанатты шараға Словакия Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Милан Коллар қатысты. Ол өз сөзінде өткен аптада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Словакияның Сыртқы істер министрі Иван Корчокты қабылдағанын атап өтті. Кездесу барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға баса назар аудара отырып, Қазақстан-Словакия қарым-қатынастарының алдағы уақыттағы жұмыс жоспарлары талқыланды.

– Өскемен Қазақстанның шығысындағы ірі қала ғана емес, сонымен қатар, өңірдің өнеркәсіптік, экономикалық, мәдени орталығы. Оның туристік әлеуеті де бар. Сондай-ақ, біз қысқы спорт түрлеріне, әсіресе хоккейге деген қызығушылығымыз ерекше. Консулдық біздің ынтымақтастығымыз үшін үлкен мүмкіндіктер ұсынады. Біз бірлесіп бизнес-қоғамдастықпен байланыстарды ойдағыдай жолға қоя аламыз. Кейін серіктестерімізбен кездесу ұйымдастырып, зауыттарымыз бен кәсіпорындарымызға аралап, тәжірибе алмасуға мүмкіндік туды. Словакияның машина жасау, агроөнеркәсіптік кешен, жасыл технологиялар, цифрландыру салаларында мол тәжірибесі бар, – дейді Милан Коллар.

Словакия Республикасымен ынтымақтастықта Қазақстан бірінші кезекте инвестициялар мен жаңа технологияларды тартуға мүдделі. Өйткені Словакия – дамыған көп салалы ауыл шаруашылығы, қазіргі заманғы материалдық-техникалық базасы мен инфрақұрылымы бар индустриялық дамыған ел. Сондықтан кездесуде облыс басшылығының атынан өкілдік ететін ШҚО әкімінің орынбасары Азамат Мұхамедчинов одан әрі сындарлы серіктестік пен іскерлік және достық байланыстардың нығая беретініне сенім білдірді.

– Консулдық Словакия республикасының атынан Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында өкілдік ететін болады. Бұл біздің елдеріміздің екіжақты қарым-қатынастарының жоғары деңгейін көрсетеді. Диалог барлық салаларда ерекшеленеді. Өкілдік инвестициялар тарту, экономикалық, әлеуметтік, мәдени, туристік салалардағы өзара іс-қимыл мәселелерін жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік беретініне сенімдімін, – дейді ШҚО әкімінің орынбасары.

Қазақстанның үш өңірінде Словакияның өкілі ретінде Қазақстан-Америка Еркін университетінің ректоры Айдар Мамбетказиев тағайындалды. Яғни, ол бүгіннен бастап Словак Республикасының Шығыс, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарындағы консулы болып табылады. Милан Коллар қолынан Айдар Мамбетказиев консулдық функцияларды орындауға рұқсат беру үшін Словакия Үкіметінің оны мойындағанын куәландыратын консулдық экзекватураны алды.

– Мен Шығыс Қазақстан мен Словакия Республикасы арасындағы технологиялар, сауда, туризм, ғылым және білім саласындағы ынтымақтастықты дамыту үшін зор перспективалар бар екенін көріп отырмын, – деді Айдар Мәмбетказиев. – Консул ретінде елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты кеңейтуге бар күш-жігерімді саламын. Консулдың жоғары міндетін табысты орындау үшін барлық жеке қасиеттерім, кәсіби дағдыларым, материалдық ресурстарым бар деп санаймын. Мен үшін бұл үлкен құрмет. Екі елдің халқына қызмет етуге қуаныштымын.

Словак Республикасының консулдығы енді Өскемен қаласында Максим Горький көшесі, 76 мекенжайы бойынша ашылды.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button