ҚазақстанҚоғамБілімТОП

2022 жылдан бастап 1-сынып оқушылары жаңа пән оқиды

2022 жылдың қаңтар айынан бастап қазақстандық мектептерде бірінші сынып оқушылары цифрлық сауатын ашады.Үшінші тоқсанда оқу бағдарламасына алғаш рет "Цифрлық сауаттылық" пәні енгізіледі. Бұған дейін оқушылар үшінші сыныптан бастап "Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар" пәнін оқыған болатын, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР Бiлiм және ғылым министрлігі сайтына сілтеме жасап.

“Оқу бағдарламасы сұраныс пен уақыт талаптарына сәйкес болуы тиіс. Бүгінгі таңда цифрлық әлемнің қарқынды дамып жатқанын көріп отырмыз. Қазір смартфондар мен компьютерлерді мектепке дейінгі кіші жастағы балалар пайдаланып жатады. Цифрлық сауаттылық – оқу мен жазу сияқты негізгі дағдылардың біріне айналып келеді. Сондықтан балаларды цифрлық сауаттылық және ақпараттық қауіпсіздік негіздеріне мүмкіндігінше ертерек үйрету маңызды. Әлбетте, жаңа пәнді оқыту барысында балалардың жас ерекшеліктері де ескерілетін болады”, – деп атап өтті ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімова.

Сонымен қатар 4-сыныпқа арналған “Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар” және 5-11 сыныптарға арналған “Информатика” пәндері бойынша оқу бағдарламалары қайта қаралды. Жаңашылдықтар балалардың ақпараттық технологиялар саласында сапалы білім алуына бағытталған.

Мектеп бағдарламасы шеңберінде ең танымал Python бағдарламалау тілі оқытылады. Сондай-ақ 5-9 сынып оқушылары 3D-модельдеу мен 3D-принтингке бойынша білім алады.

10-11 сыныптардағы “Информатика” пәні бойынша үлгілік оқу бағдарламасы IT-саласының заманауи даму үрдістерін ескере отырып әзірленген. Оқыту бағдарламасында IT-STARTUP, виртуалды және толықтырылған шынайылық, жасанды интеллект, мобильді қосымшаларды әзірлеу, BigData және тағы басқа тақырыптар бар. Сондай-ақ, барлық сыныптың оқу бағдарламаларына Интернет желісіндегі қауіпсіздік ережелері, авторлық құқық туралы тақырыптар енгізілген.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button