
Нұрбұлан Нұғыманұлы Өтепбаев – суретші-график, дизайнер, педагог. Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының, Дизайнерлер Одағының мүшесі. 1986 жылдан бастап облыстық, республикалық және халықаралық көрмелердің қатысушысы. Жеке көрмелері Семей, Алматы, Павлодар, Өскемен, Нұр-Сұлтан қалаларында өтті. Нұрбұлан Өтепбаев көрерменді өзінің шығармашылығымен көптеген жылдар бойы қуантып келеді. Оның басты кейіпкері туған жері – Ұлы дала әлемі болып табылады. Сондықтан көрме «Атамекен» деп аталуы кездейсоқ емес. Атамекен – ата-бабаларымыздың мекені, туып өскен жері.
- Әр адам үшін Отан сөзі белгілі бір сипатқа ие. Мен үшін Отан – ол кең байтақ дала, адамдар, кездесулер, серуендер, сезімдер, қарым-қатынастар, бұл тарих пен дәстүрлер, естеліктер. Мен үшін маңызды тақырыптардың бірі – Абай. Ойшыл ғұлама өмір сүрген аймақты, өңірді, тарихты зерттеуге көп көңіл бөлемін, – деді Нұрбұлан Өтепбаев.
Көрмеге Абай портреті және ақынның әкесі мен бауырының портреттерін, сондай-ақ ойшылдың шәкірттерінің портреттері де қойылды. Көрмеге автордың қағазда, картонда, оргалитте тушь, қаламұш, акрил, акварель техникасында орындалған 50-ден астам туындысы қойылды. Ұсынылған жұмыстардың ең алғашқысы 2000 – жылдардың басында жазылған.
Көрме туындылары көрерменге шебердің даралығын, оның өз халқының мәдени мұрасына ілтипатты әрі әсерлі көзқарасын көрсетеді және, ең бастысы, ол мұны кәсіби талғаммен және махаббатпен жасайды.
Semeynews.kz