ҚазақстанҚоғамТОП

Журналистер құқығының бұзылу жағдайын реттейтін жоба талқылануда

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Журналистердің құқықтары бұзылған жағдайда оларды қолдау регламентін» жобасын талқылауға шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі журналистердің құқықтары бұзылған жағдайда оларға қолдау көрсетуді қамтамасыз ету үшін «Журналистердің құқықтары бұзылған жағдайда оларды қолдау регламентін» әзірледі. Регламентте журналистердің, мемлекеттік органдардың құқықтары мен міндеттері және журналистердің құқықтары бұзылған жағдайдағы министрліктің іс-әрекеттері көрсетілген.

Осыған байланысты, регламентті одан әрі жетілдіру шеңберінде Министрлік барлық мүдделі тұлғаларды талқылауға қатысуға шақырады», – делінген ведомство таратқан хабарламада.

Нақтырақ айтсақ, регламент жобасы мынадай үш негізгі мәселені қамтиды:

1) бұқаралық ақпарат құралдары мен журналистердің ақпарат сұрау салулары мен өтініштерін қарау;

2) құқық қорғау органдарының журналистерді ұстауы;

3) журналистерді әлеуметтік қамтамасыз етуге байланысты мәселелер.

Ресми сауалға жауап беру мерзімі

Сонымен, бұқаралық ақпарат құралдары мен журналистердің ақпарат сұрау салулары мен өтініштерін қарау тәртібі бойынша мынадай негізгі мәселелер қарастырылған.

Ақпаратқа қол жеткізу құқығы конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен өнегелігін қорғау үшін заңмен шектелуі мүмкін. Яғни БАҚ-тың сұрауына ақпарат беруден бас тартуға негіз болатын жағдайлардың тізбесі «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен ғана айқындалатын айтылған.

«Егер құжаттың (ақпараттың) бір бөлігі алып тастауға жататын болса, яғни, оны тұтас құжаттан орынды бөліп алуға мүмкіндік болса, мемлекеттік орган құжаттың (ақпараттың) қалған бөлігін ашуға тиіс», – делінген құжат жобасныда.

Бұқаралық ақпарат құралының берілген ресми хабарларды түсіндіру жөніндегі сұрау салуына ақпарат иеленушісі сұрау салу тіркелген күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірмей жауап беруге міндетті екені айтылған.

Қосымша зерттеуді және тексеруді қажет ететін болса, 15 күнтізбелік күннен аспайтын мерзімге бір рет ұзарта алады және бұл туралы бұқаралық ақпарат құралына қарау мерзімі ұзартылған кезден бастап екі жұмыс күн ішінде хабарлануы керек.

Сондай-ақ, ресми хабарламаларға қатысы жоқ сауалға жауап, келіп түскен күннен бастап жеті жұмыс күн ішінде сауал қойылған тілде ұсынылатыны көрсетілген.

«Сұрау салынған ақпарат бірнеше ақпарат иеленушінің құзыретіне кіретін болса және жазбаша сұрау салуға жауап беру кезінде өзге ақпарат иеленушілерден ақпарат алу талап етілетін жағдайларда, қарау мерзімін ақпарат иеленушінің басшысы бір рет он бес күнтізбелік күннен аспайтын мерзімге ұзартуы мүмкін. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралына қарау мерзімі ұзартылған кезден бастап екі жұмыс күні ішінде хабарланады», – деп жазылған регламент жобасында.

Талқылауға шығарылған құжатта мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарының басшыларының міндеті де айқын көрсетілген. Олар:

– бұқаралық ақпарат құралдарының өтініштерін (ақпарат сұрауларын) қарау кезінде мәселелердің уақытылы және толық қаралуына қатаң бақылау орнату;

– осы функцияларға жауапты нақты лауазымды тұлғаларды айқындау, аталған тұлғалардың лауазымдық мәртебесін арттыру;

– бұқаралық ақпарат құралдарының өтініштерінен туындайтын шағымдарды, қайталама өтініштерді тудыратын себептерді жою;

– жұмыс (жедел) мәжілістерінде бұқаралық ақпарат құралдары көтерген аса маңызды мәселелерді қарауды тәжірибеге енгізу;

– бұқаралық ақпарат құралдарының өтініштерін (ақпарат сұратуларын) қарау мерзімдерін бұзған лауазымды тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тарту.

Құқық қорғау органдарының журналистерді ұстауы

Құжат жобасында құқық қорғау органдарының журналистерді ұстауы бойынша да нақты регламент ұсынылған.

Біріншіден, жергілікті атқарушы органдар журналистің кәсіби қызметін қамтамасыз ету үшін бейбіт жиындар өткізу кезінде журналистерді бұқаралық ақпарат құралдары үшін жедел баспасөз орталығымен қамтамасыз етуі керек.

Жедел баспасөз орталығы мына шарттарға сәйкес келетін аумақта болуға тиіс:

1) таспамен шектеу;

2) фото, бейнетүсірілім жүргізу және сұхбат алу үшін оқиға орны жеткілікті деңгейде көрінетіндей болуы шарт;

3) баспасөз орталығында электр қуатына жалғану мүмкіндігі болу керек;

4) өмір мен денсаулыққа қауіп-қатер төнген жағдайда ішкі істер органдары қызметкерлерінің күшімен журналистердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет.

«Орталық мемлекеттік органдар жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, халықтың тұрмыс-тіршілік жағдайларын бұзу фактілері орын алған кезде:

1) журналистерді жедел баспасөз орталығымен қамтамасыз ету жөнінде шаралар қолданады;

2) 3 сағаттан кешіктірмей бұқаралық ақпарат құралдарына ресми хабар береді», – деп жазылған ұсынылып отырған регламентте.

Ал бейбіт жиындар кезінде немесе халықтың тіршілік ету жағдайларын бұзған оқиға орнында журналистер ұсталған жағдайда, құқық қорғау органдары ол туралы бірден Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне хабарлама жолдауы шарт.

Министрлік соның негізінде журналистерді ұстау фактілері туралы ақпарат жинап, құқық қорғау органдарына бұқаралық ақпарат құралдарына тиісті ресми хабар беруді ұсынады.

Ал онда хабарды бұқаралық ақпарат құралдарының өзінен алған жағдайда және ол әрекеттің заңсыздығы туралы хабар алса, оның себептері туралы ресми хабар беру туралы сұрау салу жібереді.

«БАҚ өкілдері табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде, белгілі бір аумақта халықтың тіршілік әрекеті бұзылған жағдайда азаматтық қорғау саласындағы заңнаманы басшылыққа алуға және қауіпті жою жөніндегі тағайындалған басшының тапсырмаларын орындауға тиіс», – делінген құжа жобасында.

Журналистерді әлеуметтік қамсыздандыру

1) Журналистерден әлеуметтік қамсыздандыру бойынша өтініш түскен жағдайда Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жұмыс беруші бұқаралық ақпарат құралына журналистің өтінішінде көрсетілген факт бойынша ақпарат беру туралы тиісті сұрау салу жолдайды.

2) Бұқаралық ақпарат құралынан жауап алғаннан кейін мәселені шешу бойынша тиісті ұсыныстар дайындайды.

3) Журналиске барлық қабылданған шараларды көрсете отырып, өтінішіне жауап жолдайды.

«Журналист еңбек заңнамасының бұзылуына байланысты факті анықталған жағдайда әлеуметтік қамсыздандыру мәселелерін шешу үшін аумақтық еңбек инспекциясына жүгінуге құқылы», – делінген регламент жобасында.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button