ӘлемҚазақстанҚоғамТОП

Елена Хардина: Қазақтың құмай тазысы әлі әлемді мойындатады

«Жақсы ит иесінің көз-құлағы» дейді. Тазылардың ең жүйрігі қазақтың құмай тазысының киелі тұқымы уақыт өтсе де өз құндылығын жоғалтқан емес. Мұны кәміл түйсінген жандардың бірі - өскемендік Елена Хардина.

Бүгінде ол Қазақстан кинологтары одағы ұлттық тұқымдар клубына жетекшілік етеді. Әлем бойынша өтетін дүниежүзілік иттер байқауында «Тазылар» номинациясы бойынша жеңімпаз атанғаны да бар.

Қазақпарат тілшісі тазы баптаушымен жолығып, әңгімелесіп қайтқан болатын.

«Аштықтың ызғары ескен заманда екі-үш тазы білдей бір ауылды қорекпен қамтамасыз етіп тұрған. Қазақтың құмай тазысының басқа иттерден айырмашылығы да осында. Ол азықты адамның көмегінсіз-ақ іздеп тауып алады, себебі оның көру, сезу және есту қабілеті ерекше. Өз қарамағымда 9 тазы итім бар. Асқан тазалықты қажет ететін иттің бұл тұқымын күтіп-баптағанда барынша мұқият болу қажет», – деді Елена Хардина.

Үйдегі қожайын өзі болғандықтан төрт аяқты достары айтқанынан шықпайтын көрінеді. Кей жағдайда қонақтар шәуілдек күшігін ерте келсе, тәртіпке бағынған жануарлар шектен шығып бара жатқандарына бір сәт азу тісін ақситып сес көрсетеді. Одан еш нәтиже болмаса, егесінен бұзақыны тәртіпке салу үшін рұқсат сұрағандай ренішті де сұсты кейіп танытады. Осыдан барып, Хардина ханым тазыны мүлде қиындық туғызбайтын, әуре-сарсаңға салмайтын ақылды да парасатты жеті қазынаның бірі дегенге тоқталды.

«Қазақ жерінің ұлан-ғайыр алқапқа ие болып, климатының өзгеріп отыруы тазы өсіруде орасан басымдық берді. Алматыда күн ыстық, иттері де ұсақ келеді. Бауырын жазып жүгірейін десе қар жоқ. Шығыста қыс қытымыр, күз ортасындағы қара суық та өтімді. 10 жыл бұрын Алматыдан тазылар әкелгенде қыста жүндері қалыңдамай, қатты жаураған еді», – дейді кейіпкеріміз.

Оның айтуынша, облыстағы тазылардың нақты санын айту мүмкін емес. Ел көлемінде текті тұқымдылардың саны – 1000-нан асып жығылады.

«Олардың біршамасына құжат дайындауда қиындықтар туындауда. Себебі Халықаралық кинологтар федерациясының бекіткен талабы бойынша тазының екі жақты тегін құжатқа түсіру – басты міндеттердің бірі. Осыны орындасақ қана, федерация құмай тазыны біздің ұлттық құндылық ретінде таниды», – дейді Елена Хардина.

Әлем бойынша өтетін дүниежүзілік иттер байқауы 2016 жылы Ресей жерінде ұйымдастырылған болатын. Бұл сайысқа тазы тұқымы бойынша ел намысын қорғауға Елена Хардина қатысқан. Өскемендік тазы баптаушы сол байқауда «Тазылар» номинациясы бойынша жеңімпаз атанып, абыройымызды асқақтатып қайтқан-тұғын.

«Сол бір сәтте қуанышымда шек болмады. Бұл мен үшін үлкен жетістік. Алдағы уақытта да осындай байқауларға қатысу ниетім бар. Қазақтың құмай тазысы әлі әлемді мойындатады», – деді ол.

Айта кетейік, осыдан бір жыл бұрын кейіпкеріміз Қазақстан кинологтары одағы ұлттық тұқымдар клубының атынан тазы иттерінің барлық иелеріне үндеу жолдаған. Сол үндеуде ол қазақ тазысын басқа тұқымдармен араластырмай қанын таза сақтауға шақырды.

Semey News

Осы айдарда

Back to top button