ШҚОҚоғамТОПШҚО

Даниал Ахметов Серебрянск қаласындағы құрылыстар мен инфрақұрылым жұмыстарын тексерді

Биыл күзде Алтай ауданының Серебрянск қаласында бірнеше жеке тұрғын үй пайдалануға беріледі, деп хабарлайды Semey News.

ШҚО әкімі Алтай ауданында орналасқан Серебрянск қаласына іс-сапармен барып, әлеуметтік маңызы жоғары жобалардың жүзеге асу барысымен танысты. Аймақ басшысының сапары облыс бюджеті есебінен салынып жатқан жалпы ауданы 5 шаршы метрге жуықтайтын дене шынықтыру-сауықтыру кешенін аралаудан басталды. Мұнда жекпе-жек, жеңіл атлетика, ойын спорт түрлерімен айналысуға арналған залдар қарастырылған. Сондай-ақ, барлық халықаралық стандарттарға сай келетін футбол алаңы мен 400 метрлік төрт жүгіру алаңы болады.

Мердігерлердің айтуынша, бүгінгі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстары 20%-ға орындалған. Нысанды келер жылдың бірінші жартысында пайдалануға беру жоспарланып отыр.

 

Бұдан кейін облыс әкімі Победа көшесіндегі екі жеке тұрғын үйдің және Ә.Молдағұлова көшесіндегі үш үй құрылысының барысымен танысты. Тұрғын үйлерді «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында жергілікті құрылыс компаниясы салып жатыр. Бір үйдің жалпы ауданы 89,9 шаршы метр болады. Биыл қыркүйек-қазан айларында пайдалануға беріледі. Ең бірінші онда көпбалалы отбасылар қоныстанады. Содан кейін дәрігерлердің, мұғалімдердің, мәдениет қызметкерлері мен балалар үйі түлектерінің баспана мәселесі шешіледі. Осы мақсатта аудан әкімдігі бұрынғы тігін фабрикасының жатақхана ғимаратын сатып алды. Екі бөлмелі 40 пәтер кіре салатындай етіп жөнделеді. Осылайша, өңірде маман тапшылығы мәселесі шешіледі.

Сонымен қатар, аймақ басшысы Ертіс өзенінің жағасындағы бұрынғы қала жағажайының орналасқан жерін көрді. Даниал Ахметовтың тапсырмасы бойынша Серебрянск әкімдігі жағажайдың жаңа жобасын дайындайды. Болашақта Ертіс жағалауы қала тұрғындары демалатын тамаша орынға айналады.

Сонымен қатар, әкім бұрынғы Серебрянск бейорганикалық өндіріс зауытының әкімшілік ғимаратын жөндеу жұмыстарымен танысты. Бірінші қабатта жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының филиалы жұмыс істейтін болады. Екінші және үшінші қабаттарға үйірмелер, шығармашылық студиялар және музыка мектебі орналасады. 4-5 қабат спорт секцияларына беріледі. Сондай-ақ, бірінші қабаттағы концерт залын қалпына келтіру жоспарланып отыр.

«Осылайша, қала тұрғындары жаңа мәдени-спорт нысанына ие болады. Бұл өте қажет. Өйткені, тек музыка мектебінің өзінде 350 бала оқиды. Қалада қаншама шығармашылық топтар бар.

Серебрянск қаласын абаттандыру жұмыстарын жалғастыра береміз.  Өткен жылы жолдар жөнделді, жылумен қамтамасыз етудің барлық мәселелері шешілді. Қаланың тұрғын үй және басқа да әлеуметтік маңызға ие мәселелерін шешу менің тұрақты бақылауымда», – деді Даниал Ахметов.

Semey News

Осы айдарда

Back to top button