Көрменің мақсаты – ұлттық нышандарымыздың бірі болып табылатын домбыра аспабының мәртебесін көтеру, домбыра жасау жолындағы қолөнер шеберлерінің еңбегін халық назарына паш ету.
Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері мұражайында екі күнге жоспарланған фестивальдің алғашқы күнінде Өскемен қаласынан, Тарбағатай, Зайсан, Ұлан, Ақсуат, Марқакөл аймақтарынан, сонымен қатар, Аягөз, Бесқарағай, Семей өңірінен шыққан домбыра шеберлерінің төл туындылары «Халық қазынасының киелі мұрасы» атты көрме-байқауында халық назарына ұсынылды. Көрменің ашылу салтанатында домбыра ойнау әдісінің ерекше түрі «Ортеке» өнерімен тарбағатайлық әнші Мұратхан Донбаев және Ақсуат мәдениет үйінің «Балалар сазы» этно-фольклорлық ансамблі дәстүрлі музыкалық ән тарту етті.
Көрме барысында Жұматай Айбын қамшы жасау өнерінен, Төлеуғазы Әшіров домбыра жасаудан шеберлік сабақтарын өткізді.
Ертең, көрменің екінші күні мерекенің құрметті қонағы, Алматы қаласындағы Абай атындағы ҚазҰПУ сәндік қолөнер кафедрасының профессоры, ұлттық саз аспаптарын жасаудың хас шебері, ҚР мәдениет қайраткері Жолаушы Әбілғазыұлы Тұрдығұловпен кездесу өтеді.
Ауқымды іс-шараның демеушісі – «ФИРМА АЗИЯ» ЖШС.
Semey News