Ғылымды дамыту және зерттеуші кадрлар даярлау: Қазақстан Халық Кеңесінде көтерілген міндеттер және Шәкәрім университетінің тәжірибесі

Ғылым мен білімді дамыту, білікті мамандар даярлау және жас зерттеушілерді қолдау – бүгінгі таңда Қазақстанның жоғары білім беру жүйесінің маңызды міндеттерінің бірі. Бұл мәселелер 2026 жылғы 16 қарашада өткен Қазақстан Халық Кеңесінің отырысында да кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, Мұрат Әбенов білім беру сапасын арттыру және білім беру ұйымдарының отбасымен өзара байланысын нығайту мәселелеріне тоқталды. Сонымен қатар отырыс барысында ғылымды қолдау, ғылыми зерттеулерді қаржыландыру және жас ғалымдардың мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі бастамалар қарастырылды.
Бұл міндеттерді жүзеге асыруда университеттердің рөлі ерекше. Өйткені жоғары оқу орындарында зерттеушілердің жаңа буыны қалыптасады. Осы тұрғыдан алғанда, докторантураның орны айрықша. Ол – ғылыми зерттеулер жүргізуге, жаңа ғылыми нәтижелер алуға және ғылымға өзіндік үлес қосуға қабілетті дербес зерттеушіні қалыптастыратын маңызды кезең.
Шәкәрім университетінде тарих бағыты бойынша ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлау 8D01601 «Тарих» білім беру бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. Бағдарламаның негізгі мақсаты – Отан және дүниежүзі тарихы саласындағы терең білімді ғылыми-зерттеу және педагогикалық құзыреттермен ұштастыра алатын мамандар даярлау.
Осы жұмыстың нақты нәтижелерінің бірі – университет докторанты Қарлыға Берікқызы Мұхаметкалиеваның 2026 жылғы 17 қарашада Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде диссертация қорғауы. Оның зерттеу жұмысы 1920 жылдардағы Семей губерниясындағы ағарту мен білім беру тарихына, сондай-ақ осы тақырыпты мектепте оқытудың мазмұны мен әдістемесіне арналған.

Диссертациялық зерттеудің ғылыми құндылығының бірі – Семей губерниясындағы ауыл мұғалімдері туралы жаңа архивтік деректердің анықталып, ғылыми айналымға енгізілуі. Абай облысының мемлекеттік архивіндегі 415-қордың жеке істерінде Санбаттал Мұстафин, Нина Лутина-Клинкова, Валентина Трудинова, Юсуп Самажанов, Гибайдулла Матайков, Фатима Татубаева, Гавриил Желнин, Хисматулла Фаткулин, Әукей Теңізбаев, Сталикан Нұрлыбаев және басқа да мұғалімдер туралы құжаттар сақталған.
Бұл құжаттар ауыл мұғалімдерінің білім деңгейін, кәсіби тәжірибесін және мектептердегі қызмет ерекшеліктерін ашып көрсетеді. Атап айтқанда, кейбір педагогтердің сабақ берумен қатар ересектер арасындағы сауатсыздықты жою жұмысына да қатысқаны анықталған. Сонымен бірге педагогикалық оқу орындарындағы білімін әлі аяқтамаған жастардың да мұғалімдік қызметке тартылғаны жөнінде деректер бар.
Зерттеуде Қайнар ауылындағы мектептің алғашқы мұғалімдерінің бірі Төлеуғали Мұсапировтың өмірі мен қызметіне де ерекше назар аударылды. Мен үшін диссертациялық зерттеуде Төлеуғали Мұсапировтың есімінің аталуы ерекше қымбат, өйткені ол – менің нағаш атам. Аталған мектеп 1922 жылы жергілікті тұрғын Дайырбеков Тұрсынбайдың үйінде ашылған. Төлеуғали Мұсапировтың өмірі мен ұстаздық қызметі туралы мәліметтерді оның ұрпақтары ұсынды. Осылайша, архив құжаттары мен отбасылық естеліктерді ұштастыру арқылы өңірдегі білім беру тарихы жаңа есімдермен және деректермен толықтырылды.
Докторанттың ғылыми кеңесшілері – тарих ғылымдарының докторы, профессор Бақыт Жұмағазиева Атантаева (Шәкәрім университеті), педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Айман Еженхановна Берікханова (Абай атындағы ҚазҰПУ) және тарих ғылымдарының докторы, профессор Татьяна Кирилловна Щеглова (Алтай мемлекеттік педагогикалық университеті, Ресей).
Қарлыға Мұхаметкалиеваның зерттеуі докторантураның тек ғылыми дәреже алумен шектелмейтінін көрсетеді. Ол отандық тарихтың деректік қорын толықтыруға, бұрын жеткілікті зерттелмеген тұлғалардың есімдерін тарихи жадыға қайтаруға және білім беру мазмұнын жаңа материалдармен байытуға мүмкіндік береді.
Диссертацияны қорғау – Шәкәрім университетінің ғылыми-білім беру қызметінің нақты нәтижесі әрі қазақстандық және шетелдік ғалымдар арасындағы ынтымақтастықтың бір көрінісі. Мұндай зерттеулер университет докторантурасының ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлаудағы, өңірлік тарихи ғылымды дамытудағы және тарихи жадты сақтаудағы маңызын айқындайды.
Бүгінде ғылыми дамудың мемлекеттік деңгейде қойылған міндеттері осындай нақты нәтижелер арқылы жүзеге асады. Жаңа архивтік деректерді анықтау, дербес ғылыми зерттеулер жүргізу және жас ғалымдарды даярлау – отандық ғылымның дамуына қосылған маңызды үлес.
Атантаева Бақыт Жұмағазы қызы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Шәкәрім университеті



