
Семей қаласындағы Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5511 әскери бөлімінде 300-ден астам жас сарбаз әскери ант қабылдады. Отанға адал қызмет етуге салтанатты түрде серт берген жас жауынгерлер үшін бұл күн әскери өмірдегі ең маңызды әрі есте қаларлық сәттердің біріне айналды.
Әскери борышын өтеуге Жетісу, Қарағанды, Павлодар, Түркістан, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарынан, сондай-ақ Шымкент пен Алматы қалаларынан келген жастар енді Ұлттық ұлан қатарында қызмет етеді.
Еліміздің әр өңірінен келген ата-аналардың қатысуымен өткен салтанатты рәсімде әскери бөлім командирі полковник Ержан Абдуқалықов жас сарбаздарды маңызды оқиғамен құттықтап, әскери антқа адал болуға, өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен атқаруға және Отан алдындағы борыштарын өтеп, елге аман-есен оралуларына тілектестік білдірді.
Әскери ант қабылдаған жас жауынгерлер енді әскери тәртіп пен жарғылық талаптарды сақтай отырып, кәсіби дағдыларын шыңдап, жауынгерлік даярлықтарын жетілдіреді.
Алдағы бір жыл ішінде олар Семей қаласында қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ түзеу мекемелерін күзетуге жұмылдырылады.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі



